Аида Балаева: Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация Конституцияның басты идеясы ретінде айқындалады

Жаңа Конституция жобасы ел дамуының өзегіне адамды, оның білімі мен әлеуетін қоятын жаңа бағытты айқындайтыны айтылды.

Орал қаласында «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Батыс Қазақстан өңірінің зиялы қауым және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиында алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның ел тағдырындағы айрықша рөлі, Ата Заң жобасындағы жаңа өзгерістер мен басты ерекшеліктер кеңінен талқыланды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Талқылау барысында Үкімет басшысының орынбасары жаңа Конституция жобасы мемлекеттің дамуындағы сапалық тұрғыдан жаңа кезеңді айқындайтынын және елдің алдағы ілгерілеуіне берік, заманауи құндылықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

«Ең алдымен, жаңа Конституцияның басты өзегі – азаматтың мүддесі мен елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы. Бұл құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны, билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа сапасы айқын көрініс тапқан. Жаңа Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде көрсетілді. Яғни, мемлекет адамның мүддесін қорғауды өз қызметінің басты мәні ретінде айқындап, биліктің бар тетігі азамат игілігіне жұмыс істеуі тиіс деген қағида Ата Заңның өзегіне айналып отыр. Конституция кіріспесінде ұлттық болмыс, тарихи сабақтастық және мемлекеттіліктің терең тамыры нақты көрсетілген. Ұлы дала өркениетімен байланыс, шекарасы мен аумағының тұтастығы егемендікті қорғаудың конституциялық тірегіне айналмақ. "Әділетті Қазақстан" идеясы мен "Заң мен тәртіп", табиғатқа жауапкершілікпен қарау секілді қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде айқындалады», – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасында мемлекеттіліктің іргелі негіздері, елдің тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін өзгермейтін құндылықтар нақты бекітілетінін атап өтті.

«Ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі мен эмиссия құқығының тек Қазақстанға тиесілі екені де конституциялық деңгейде көрініс тауып отыр. Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Бұл – құндылықтық тұрғыдан жаңа мазмұн. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде көрсетіледі», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасы ел дамуының өзегіне адамды, оның білімі мен әлеуетін қоятын жаңа бағытты айқындайтыны айтылды. Осыған байланысты адами капиталды дамыту және ұлттық мұраны сақтау мемлекеттің басты стратегиялық басымдықтарының бірі екені атап өтілді.

«Жаңа мәтіннің тағы бір маңызды бағыты – ел болашағын табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен байланыстыру. Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация Конституцияның басты идеясы ретінде айқындалады. Бұл – түбегейлі бетбұрыс. Қазақстанның келешегі жер қойнауындағы байлықпен емес, азаматтардың білімімен, еңбегімен, шығармашылық әлеуетімен өлшенеді деген сөз. Бұл – прогрессивті мемлекетке тән ұстаным. Сөз жоқ, ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау ұғымдарының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Сондай-ақ ел азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екені де анық көрсетілген», – деді Аида Балаева.

Сөз соңында Премьер-министрдің орынбасары референдум ел дамуының бағытын айқындайтын жауапты таңдау екенін ерекше атап өтті.

«Әділетті, қуатты әрі заманауи Қазақстан құру – бір буынның емес, тұтас ұлттың миссиясы. Алдағы референдум – сол жолдағы маңызды белес», – деді вице-премьер.