Бүгін Астанада «Конституция және өмір сүру сапасы: реформалардың әлеуметтік әсерін қалай өлшеуге болады?» атты SARAP эксперттік клубының биылғы бесінші отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Қатысушылар конституциялық қағидаттардың халықтың өмір сүру сапасына ықпалын және жаңа Конституция жобасы аясында іске асырылатын реформалардың әлеуметтік әсерін бағалау тетіктерін талқылады. Сондай-ақ жиында әлеуметтік саясаттың тиімділігі, оның қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына әсері және осы бағыттағы өзекті мәселелер кеңінен қамтылды.
Отырысқа академиялық қауымдастықтың, мемлекеттік талдау орталықтарының және жеке зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.
Модератор – Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Рахимов отырысты аша отырып:
«Конституция дәстүрлі түрде мемлекеттік құрылымның негізін және азаматтардың құқықтарын бекітетін саяси құжат ретінде қарастырылады. Алайда ол – нормативтік мәтін ғана емес, халықтың өмір сүру сапасына әсер ететін институционалдық тетік. Сондықтан бүгінгі басты мәселе конституциялық деңгейде қандай реформалар бекітілгенінде ғана емес, олардың әлеуметтік әсерін қалай өлшеп, қалай талдауға болатынында», – деп атап өтті.
Жиында ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымова сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы ұзақмерзімді дамудың негізі ретінде әлеуметтік мемлекет қағидатын бекітетінін атап өтті. Бұл модельдің тиімділігі оның заңнама мен бюджет саясатында нақты жүзеге асырылуына байланысты болмақ, ал нәтижесі азаматтардың әл-ауқат деңгейі, теңсіздіктің төмендеуі және әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына қарап бағаланады.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елена Аппельганц өз баяндамасында реформалардың негізгі көрсеткіші – мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігі екенін негіздеді. Оның айтуынша, әлеуметтік модель азаматтардың өзін-өзі дамытуына және азаматтық белсенділікті арттыруға жағдай жасап, қоғамдағы ынтымақтастық пен жүйенің тұрақтылығын нығайтуға тиіс.
Kazakhstan Sociology Lab әлеуметтанушылар мектебінің директоры Әлия Сәрсекеева өз баяндамасында әлеуметтік саясатты адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық инвестиция ретінде қарастыру қажет деген пікір білдірді.
«Реформалардың тиімділігін бағалаудың заманауи тәсілдерінің назарында білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістердің экономикалық өсім мен әлеуметтік мобильділікке ұзақмерзімді әсері тұр. Сондықтан осы бағыттарды ескере отырып, оларды кешенді әрі дәлелді түрде бағалау қажет», – деді сарапшы.
Одан бөлек, жиында Философия, саясаттану және дінтану институтының стратегиялық даму жөніндегі бас директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы Алмаш Айқынбайқызы, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярова баяндама жасап, жастардың саяси әлеуметтенуі, институттарға деген сенімнің қалыптасуы және азаматтық құндылықтардың орнығуы әлеуметтік саясаттың тиімділігінің маңызды көрсеткіштері ретінде қарастырылатынына назар аударды.
Қатысушылар жиын қорытындысында реформалардың әлеуметтік әсерін өлшеудің ұлттық жүйесін әзірлеуді, зерттеуге негізделген саясаттың қолдану аясын кеңейтуді және азаматтардың өмір сүру сапасын халықаралық әдістемелер арқылы бағалауды ұсынды.