Оралда Жалпыұлттық коалиция мүшелері медицина қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасын талқылады

Кездесу жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды.

Оралда, Uniserv Medical Center ұйымы қызметкерлері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешов және басқалары қатысты.

Үкімет басшысының орынбасары жаңа конституциялық өзгерістер қазіргі заманғы қатерлерді ескере отырып, мемлекеттің құндылықтарын нығайтуға бағытталғанын, жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Қазіргі кезең мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды реттей алатын жаңа Конституцияны талап етеді. Ата заң  жобасының басты құндылығы  азаматтың қадір-қасиетін қорғау мен бостандығы Сонымен қатар бірлік, сыйластық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің мызғымас тірегі ретінде бекітіліп отыр. Бұл қағидаттар көпэтносты, көпконфессиялы қоғам жағдайында тұрақтылық пен үйлесімді дамудың басты алғышарты екені сөзсіз. Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін, қол сұғуға болмайтын құндылықтар ретінде белгіленуі – мемлекеттің беріктігіне берілген нақты құқықтық кепіл. Қандай жағдайда да бұл ұстанымдар Қазақстан дамуының бұлжымас негізі болып қала береді», — деді Премьер-министрдің орынбасары.

«Денсаулық сақтау саласындағы нормалар біз үшін тек заңды тұжырымдар емес, біздің күнделікті жұмысымызға және пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер ететін ережелер. Жобада азаматтардың денсаулығын сақтау және заңмен белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу құқығы нақты бекітілген. Бұл тек емдеу ғана емес, өмір сапасын арттыру, профилактиканы дамыту және ерте диагностика жүйесін жетілдіру дегенді білдіреді. Пациент құқықтарын қорғау, медициналық қызметтерге қол жеткізу мен сапаның  маңызы  арта түседі», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев медицина қауымдастығын Конституция мәтінімен мұқият танысуға шақырды. Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай жаңа Конституция цифрлық дәуірдің және ғылым мен инновациялардың рөлі елдің дамуына ықпал ететінін, бұл медицина саласына да әсер етіп жатқанын атап өтті. Бақтықожа Ізмұхамбетов медициналық қызметкерлерге денсаулық сақтау жүйесінің адам капиталының нығаюына қосқан үлесін атап өтіп, олардың еңбегіне алғысын білдірді.

Кездесу соңында медициналық қызметкерлер сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Жиынға қатысушылар денсаулық сақтау жүйесі үшін тұрақты ережелер, пациенттердің сенімі мен әлеуметтік кепілдіктерді сапалы іске асырудың маңызы көтерілді. Жаңа Конституция жобасы бойынша соңғы шешімді азаматтар 15 наурызда өтетін референдумда қабылдайтын болады.