Көзсіз батырлық

– Кемелдену мен рухани даму мектептен басталады, – деді Қожанасыр көк есегін қақпайлап тұрып.

– Қайдағыны көкімеші. Бүгінде білім ордалары барып тұрған жемқорлар ордасы, – деді Алдар көсе иегін сипап тұрып.

– Атыңызды Алдар деп текке қойған ба? Тағы да алдап тұрған шығарсыз? – деп Қожанасыр қыңырая қарады.

– Мына жылы жақтағы бір жекеменшік мектеп директоры бірталай жыл бойы жоқ оқушыларды тізімге алып, мұғалімдерге айлық жалақы төлеп келіпті. Сол мұғалімдер оңай жолмен келген теңгенің бір тиынына дейін тиіспей, әлгі директордың алақанына әкеліп салады екен, – деді Алдар көсе.

– Астапыралла! Не дейді?

– Солай! Директордың байығаны соншалық, қаладан елуге жуық пәтер сатып алыпты. Бүгінде сол пәтерлеріне тұрғындар жіберіп, ай сайын пәтерақыға пәленбай миллион теңгені сықырлатып санап алады екен.

– Япырай! Бұл неткен көзсіз батырлық! Тегі, мемлекеттің қаржысы судай шашылып көшеде жатқан болып шықты ғой, – деді Қожекең.

– Иә, солай сияқты. Бірақ көп асқанға бір тосқан деген де бар емес пе?

– Қожекең елең етті.

– Иә, соңы не болды?

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі әлгі жемқорды әшкерелепті. Бүгінде ісі сотқа дейінгі тергеуде жатыр деседі, – деп Алдар қолындағы қағазға үңілді. 

– Құдай-ау, тоба! «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?»  демеуші ме еді? Кемелдену мен рухани өркендеу жолындағы алтын баспалдақ деген білім ошақтарында осындай келеңсіздіктер орын алса, басқаларға не жорық? Ақырын берсін! – деп Қожекең есегіне қарғып мінді.

– Иә, соңын күтейік! Кездескенше, Қожа аға! – деп Алдар  ағасымен қоштасып, ауыр күрсініп бара жатты.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ