Адам құқықтары – Ата Заңның алғышарты

Жаңа Конституция жобасында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған нормаларға барынша мән беріліп отыр. Демек, әр азаматтың таңдау еркі мен бостандығы, өмір сүру хақына айрықша ден қойылмақ.

Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен елде 2026 жылдың 15 наурызында Конституциялық референдум өтеді. Соның негіз­ін­де жаңа Конституция халық­тың таңдауына беріледі. Қазір әр бапты қоғам жіті талқылап жа­тыр. Жаңа Конституция жоба­сын­да адам құықтары мен оның ар-ожданы, адамның жеке басы­ның құндылықтарына аса мән берілген. 

Конституциялық соттың дерегінше, жаңа Конституция жоба­сында әр адам мемлекет құндылығына баланған. 12-20-бапқа дейін адамның бостанды­ғы, өмір сүру құқығы, ел азамат­тарының шетелде де қорғалуы, сотқа жүгіну жайы жазылған. 20-бапта адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қол сұқпау, 21-бапта жеке өміріне қол сұқпау, 22-бапта ар-ождан бостандығы көзделген. Дәлірек айтқанда, адам­ның өз құқығын білуі, пай­да­лана алуы, заң алдында қор­ғауы сипатындағы нормалармен айқындалған. Ал қалған баптарда адамның оқуы, білім алуы, еңбек етуі, сотқа жүгінуі сияқты бірқа­тар ереже мен қағида бар. Қол­дан­ыстағы Конституцияға қарағанда «адам» сөзі 1,5 есе көп, 76 рет қолданылыпты. 

Д.Қонаев атындағы Еуразия­лық заң академиясының прези­денті, Халықаралық заңгерлер одағының мүшесі, профессор Өмірәлі Жалаири жаңа Конс­титуция жобасында адам құқық­тары мен ар-ожданы, жеке басы­ның қадір-қасиетіне аса мән берілгенін жеткізіп отыр. 

– Жаңа Конституция жоба­сын­да адам құқықтары мен бос­тандықтарына айрықша кепілдік берілген. «Консти­туциялық құры­лыс негіздері» атты І бөлімі, 1-бапта «Қазақстан Республика­сы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мем­ле­кет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостан­дық­тары» деп нақтыланды. Демек, бұдан былай адам құқық­тарына барынша назар аудары­лып, оның ар-ожданы мен бос­тандықтарына кепілдік беріліп, жан-жақты қорғалады. «Негізгі құ­қықтар, бостандықтар мен мін­деттер» атты ІІ бөлімінің, 12-ба­бының, 2-тармағында «Әр адамның өз құқықтары мен бос­тан­дықтарын сот арқылы қорғау­ға құқығы бар» делінген. Бұрын Конституциялық сотқа 4-5 субъ­ект қана жүгінетін. Бұдан бы­лай әр адам өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа тіке­лей жүгіне алады. Бұл орган адам құ­қықт­арын бұзылмауын да қада­ғалайтын болады. Осы бап­тың 3-тармағында «Қазақстан Рес­пуб­ликасында заңға сәйкес біл­ік­тi заң көмегін алу құқығы та­ны­лады» деп айқындалған. Бұған дейін адамдар өздерінің құқығын қорғай алмай, балағат сөз естіп, түрлі зорлық-зомбы­лық көрген­дей қайда жүгінерін білмей дал болатын. Енді сот, прокуратура­дан қанағаттанарлық жауап ал­ма­ған жағдайда, адво­кат­тардан көмек ала алатын болды. 86-бап­та адвокаттардың мәртебесі ерек­ше айқындалғаны да үлкен жетістік. Жаңа Консти­ту­ц­ия­да «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның  ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жар­ғы» заңдары ескеріліп, цифрлық дәуірге лай­ық­талады деп сенеміз. Себебі Әділетті Қазақстанда адамның құқығы бәрінен жоғары тұруға тиіс, – дейді заңгер. 

Мемлекет басшысы биыл Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сында «адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғал­ған» деп атап өтті. Сондай-ақ Пре­зидент «қазіргі Конститу­цияда «Тұрғын үйге қол сұғуға бол­майды. Сот шешімінсіз тұр­ғын үйден айыруға жол берілмей­ді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәж­бүрлеп шы­ғаруға» да сот шешімін­сіз жол берілмейді деп толықтыр­ған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конс­­ти­туцияның сипатына толық сай кел­етін әлеуметтік норма», – деді. Бұл ұсынысты қоғам құп­тағаны байқалды.

Аталған бастамаларды Фило­софия, саясаттану және дінтану институтына қарасты Салыстыр­малы саяси зерттеулер орталығы­ның жетекшісі Айдар Амребаев оң тенденцияға балайды. Ол жаңа Конституция жобасының 28-бабының 1-тармағы, сондай-ақ 8-баптың 3-тармағына байла­н­ысты ой-пікір білдірді. Оның сөзінше, қоғам талқысына ұсын­ғалы жатқан Конституцияны не ұлттық негізге немесе халықара­лық заң нормаларының біріне лай­ықтап жасау керек деп пай­ым­дайды. Сондай-ақ Халық Кең­есі адам құқығын қорғайтын қоғамдық негізде жұмыс істейтін ұйымға айналып, құзыреті арт­қанын қалайды.

– Жаңа Конституция жоба­сында, әсіресе, преамбулада да ең бастысы – адам құқығы мен құн­дылығы деп айқын жазылса, ең маңызды субъект ол адам деп нақтыланған. Ал қолданыстағы Конституцияда басты субъект мемлекет еді. Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары, ар-ожданы, құндылығы кең, зер­де­леген.  Айта кетейік, 28-баптың 1-тар­мағында «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деп жазыл­ған. Рас­ында, осы мемлекетте өмір сүре­тін адамның жеке бас­панасына қол сұғылмаушылық, жай норма­тив­тік құқықтық акті­лер шеңбе­рінде қарастырыл­ғаннан гөрі, ел­дің басты ресми құжаты – Ата Заңда шегеленіп жазылуы, адам құқықтарының беделінің артқа­нын білдіреді. 

8-баптың 3-тармағындағы «Жер және оның қойнауы, су көз­дері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи рес­урстар халыққа тиесілі. Халық аты­нан меншік құқығын мемле­кет жүзеге асырады...» деген бөл­ім­дері бар. Яғни, біздің жер де, қазба байлық та халыққа тиесілі, ал мемлекет тек соны үйлестіріп, жүзе­ге асыратын оперативті ор­ган деген сөз. Конституциялық комиссия құрамында тек қана заңгерлер, билік өкілдері емес, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, ғалымдар, саясаткерлер, БАҚ өкілдері кіруі – ел үшін маңы­зы бар істі талқылап, жетіл­діруге зор септігін тигізуде, – дейді саясаттанушы.

Нақтылап өтейік, адам құ­қық­тарын қорғау жөніндегі не­гіз­гі халықаралық құжаттарға 1948 жылғы Жалпыға бірдей дек­ларация, 1950 жылғы Еуропа­лық конвенция және БҰҰ-ның арнайы конвенциялары (бала­лар, әйелдер, мүгедектер құқығы) жатады. Олар өмір сүру, еркіндік, азаптауға тыйым салу және тең­дік құқықтарын кепілдендіреді. Біздің ел де әлемнің бір бөлігі болғандықтан, осы шарттарға мән беретіні анық. 

Аталған Конституциялық ре­фор­мадағы адам құқықтары аспектілерінің маңызы жайында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ өз ойымен бөліс­ті. Сондай-ақ Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде де адам мен мемлекеттік институт­тың біртұтас екенін айтып келеді. Ол  Конституцияның өзегінде ең басты құндылық ретінде адам және оның құқықтары мен бос­тандықтары айқын көрсетілгенін алға тартты. Бұл – жай ғана дек­ларация емес, мемлекеттің даму философиясын айқындайтын іргелі ұстаным. Сонымен қатар аталған бастаманы еліміздегі әділетті, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекетті нығайтуға бағыттал­ған маңызды қадам деп бағалай­ды.

– Жаңа жобада адам құқық­тары абстрактілі ұран деңгейінде емес, нақты конституциялық кеп­ілдіктер арқылы бекітіледі. Өмір сүру құқығы абсолютті құн­дылық ретінде қорғалып, жеке бас бостандығына заңсыз қол сұғу­ға жол берілмейтіні нақты ай­қындалады. Азаматтарды не­гізсіз қамауға алу, заңсыз шектеу немесе қысым көрсету әрекет­теріне тосқауыл қоятын құқық­тық тетіктер күшейтіледі. Сот билігінің адам құқықтарын қор­ғаудағы рөлі де айтарлықтай күшейтіледі. Тәуелсіз және әділ сот – азаматтардың құқықтық қор­ғалу деңгейінің негізгі көр­сет­кіші. Осы тұрғыда құқық қор­ғау механизмдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістер қарастырылған. Конс­титуцияның жаңа жобасында отбасы институтын қорғау, әлеу­меттік тұрақтылықты қамта­ма­сыз ету мәселелері де назардан тыс қалмаған. Теңдік қағидаты күшейтіліп, тегі, жынысы, ұлты, тілі, діні немесе әлеуметтік жағ­дайына қарамастан әр азаматтың заң алдындағы теңдігі нақты бе­кі­­тіледі. Бұл – қоғамдық келі­сім мен өзара құрметтің берік негізі. Жаңа Конституцияда сөз және шығармашылық еркіндігі, еңбек ету құқығы, әлеуметтік қорғалу кепіл­діктері, жеке өмірге қол сұқ­паушылық және ар-ождан еркін­дігі секілді негізгі құқықтар кешенді түрде айқындалады. Мемлекет адам қадір-қасиетін қор­ғауды өзінің тікелей міндеті рет­інде қабылдайды. Бұл өзгеріс­тер азамат пен мемлекет арасын­дағы сенімді нығайтып, өзара жауап­кершілікті арттыруға ба­ғыт­талған. Адам құқықтарын қорғау – тек соттардың немесе мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті мен құндылығы. Жаңа Конститу­ция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары бас­ым­дық ретінде бекітіп, Қазақ­стан­ның құқық үстемдігіне не­гіз­делген, заманауи әрі әділетті мем­лекет ретінде дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыр­ады, – деп түйді Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі.

Тоқетері, жаңа Конститу­цияда адам құқықтарына айрық­ша мән берілген. Соның ішінде адам құқығы, отбасы құндылығы, неке қатынасы ерекше айқында­лып тұр. Бұл жолғы Конституция­ның қол­дан­ыстағысынан айыр­ма­шы­лығы – адам құқықтары мен бостандықтарына кепіл беру­інде. Яғни, мемлекет әр адам­ның мүддесін, ар-ожданын, қадір-қасиетін басты орынға шығарады. 

Олжас ЖОЛДЫБАЙ