28 ақпанда бірқатар өңірлерде дауылды ескерту жарияланды

Облыстың шығысында, орталығында және таулы аудандарында қар жауады, түнде кей жерлерде қалың қар түседі.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 28 ақпанда Қазақстанның бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жетісу облысы

Облыстың шығысында, орталығында және таулы аудандарында қар жауады, түнде кей жерлерде қалың қар түседі. Шығыс және таулы аймақтарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні  – 15-20 м/с.

Жамбыл облысы

Таулы аудандарда қар жауып, түнде қалың қар түсуі мүмкін. Жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болжанады. Желдің екпіні түнде облыстың солтүстік-шығысында және таулы аудандарында, күндіз таулы аймақтарда 15-20 м/с. Тараз қаласында 28 ақпанда кей уақыттарда тұман түсіп, көктайғақ болады.

Абай облысы

Күндіз облыстың солтүстігінде аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Түнде және таңертең оңтүстікте тұман күтіледі.
Аягөз ауданында желдің екпіні – 15-20 м/с.

Шығыс Қазақстан облысы

Солтүстікте аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Түнде облыстың солтүстігінде ауа температурасы 41 градусқа дейін төмендейді.

Қызылорда облысы

Облыста көктайғақ болып, солтүстік-шығыстан жел соғады. Желдің екпіні орталық бөлігінде 15-20 м/с.
Қызылорда қаласында да көктайғақ күтіледі.

Батыс Қазақстан облысы

Облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман түседі.

Қарағанды облысы

Түнде солтүстік-шығысында ауа температурасы 35 градусқа дейін төмендейді.

Түркістан облысы

Түнде облыстың батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында, күндіз таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі. Желдің екпіні – 15-20 м/с.

Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде жауын-шашын, тұман және 15-20 м/с жел болжанады.

Маңғыстау облысы

Күндіз батысы мен орталығында көктайғақ болады. Түнде және таңертең орталық бөлігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні – 15-20 м/с.

Ақтау қаласында күннің екінші жартысында көктайғақ болып, желдің екпіні 15-18 м/с жетеді.

Қостанай облысы

Батысы мен оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Оңтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.

Алматы облысы

Оңтүстігінде және таулы аудандарында түнде қар жауады. Тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын болжанады. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақыттарда 25 м/с дейін жетеді.
Алматы қаласында түнде қар, тұман және көктайғақ күтіледі.
Қонаев қаласында да қар, тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын болжанады.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.