Жаңа Конституция жобасын талдауға арналған «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық дебат аяқталды

Әлеуметтік желілерде тікелей трансляцияланған диалог жаңа Конституция жобасының нормаларын кеңінен түсіндіруге және олардың құқықтық мәнін қоғамға жеткізуге бағытталды.

Бүгін Астана қаласында жаңа Конституция жобасын талдауға арналған «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық диалог өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Әлеуметтік желілерде тікелей трансляцияланған диалог жаңа Конституция жобасының нормаларын кеңінен түсіндіруге және олардың құқықтық мәнін қоғамға жеткізуге бағытталды.

Бағдарлама студиялық пікірталас форматында ұйымдастырылды. Эфир барысында спикерлер жобаның маңызды ережелеріне қатысты өз ойларын білдіріп, халықтан түскен сауалдарға жауап берді.

Жаңа Конституцияны талқылауға арналған ашық әрі мазмұнды пікір алаңы қоғам үшін маңызды құжаттың мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Дебатқа жеті партиядан 14 спикер қатысты. Бағдарлама төрт раундтан тұрды:

– Жаңа Конституция нормаларын түсіндіру;

– Жүргізушілердің сауалдарына жауап беру;

– Халықтан келген бейнесұрақтарға жауап;

– Партиялардың қорытынды үндеулері.

Партияаралық дебатта Мәжіліс депутаты,«AMANAT» партиясының мүшесі Үнзила Шапақ жаңа Конституция жобасы демократиялық институттарды институционалдық тұрғыдан күшейтуді, құқықтық үстемдігін қамтамасыз етуді, «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын бекітуді және экономикалық тұрақтылықты арттыруды көздейтінін айтты.

«Ақжол» партиясының өкілі Дания Еспаева «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық дебатта сөз сөйледі. Оның айтуынша, жаңа конституциялық нормаға сәйкес мемлекет кәсіпкердің бизнесі мен меншігін қорғауға міндетті. Яғни кәсіпорын, өнім немесе инвестиция заңмен толық қорғалады. Сондай-ақ егер салық органы шотты негізсіз бұғаттаса, кәсіпкер сот арқылы шешімді жойдырып қана қоймай, шығынды мемлекеттен өтете алады.

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев жаңа Конституция жобасында «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдумға» өзгертілгенін атап өтті.

Respublica партиясының өкілі Екатерина Смолякова Қазақстан терең трансформация кезеңіне қадам басқанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, әділдік пен заманауи басқаруға деген қоғамдық сұранысқа берілген нақты жауап.

«Басқару жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделіне көшу көзделген. Жаңа құрылым шешім қабылдаудың ашықтығын арттырып, өңірлердің экономикалық дербестігін күшейтеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы аймақтар экспорттық хабтарға айналады», – деді Екатерина Смолякова.

Студиялық форматтағы пікірталас Qazaqstan телеарнасының YouTube, Facebook, InstagramTikTok платформаларында және Хабар арнасының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.