«Келші, Айым» – қазақ арасында ең көп айтылатын әндердің бірі. Бұл әнді арнайы концерттен ғана емес, қарапайым отырыстардан да жиі естуге болады. Біреулер оны домбырамен айтса, енді біреулер эстрадалық сүйемелдеумен орындайды. Әсіресе, көпшілік жиналған жерде бұл әннің бір шумағы басталса болды, қалғаны қосылып кететін жағдай жиі кездеседі. Осындай кең таралуының арқасында «Келші, Айым» бір ғана орындаушының немесе белгілі бір кезеңнің әні болып қалмай, бірнеше буын қатар білетін шығармаға айналды.
Соған қарамастан әннің авторы туралы мәлімет көп жағдайда назардан тыс қалады. Көпшілік бұл шығарманы халық әндерінің қатарына қосып жатады. Мұның себебі түсінікті де. Әннің әуені қарапайым, сөзі түсінікті, айтылуы жеңіл болғандықтан, ол қолдан-қолға еркін тарап кеткен. Кезінде радио-теледидар арқылы, бүгінге әлеуметті желі арқылы кең жайылған ән біртіндеп халықтың ортақ қазынасына айналғандай әсер береді. Сондықтан тыңдаушының санасында оның нақты авторы бар шығарма екені әрдайым сақтала бермейді.
Шын мәнінде, «Келші, Айым» – белгілі композитор Мэлс Өзбековтің әні. Оның шығармалары қазақ тыңдармандарына ерте кезден таныс. Композитор жазған көптеген әндер халық арасында кең тарағандықтан, кейбір туындыларының авторлығы ұмытыла бастаған жағдайлар кездеседі. «Келші, Айым» солардың ішінде ең белгілілерінің бірі. Уақыт өте келе ән авторлық шығарма бола тұра, халықтық сипатқа ие болып кеткендей көрінеді.
«Келші, Айым» әніндегі Айым бейнесі жай ғана ақындық қиял емес. Әннің шығу тарихына қатысты деректерде композитор Мэлс Өзбековтің жастық шағында Айымзада есімді қызға ғашық болғаны айтылады. Кейін сол қыздың қайғылы жағдайда көз жұмғаны, жазғы демалыс кезінде ауылына барып, суға батып кеткені туралы мәліметтер кездеседі. Осы оқиға композиторға ауыр соққы болып, оның шығармашылығында із қалдырған деседі. Мәтінін жазған Абдрахман Асылбек. Ашық дерреккөздерде композитордың өзі жазып қалдырды деген ән тарихы келесідей беріледі:
«Сол бір мөлдір шақтарда консерваторияда білім алып жүрген болатынмын. Алматы медициналық институтында оқитын Айымзада есімді қызға есім кетіп ғашық болдым. Екі жүрек бір арнаға тоғысып, махаббаттың буына мас болып жүрген шақта жазғы демалыс басталған еді. «Қош бол, сәулем, көргенше, қайта айналып келгенше» деп жаңа оқу жылы басталғанға дейін қош айтысып, бір-бірімізді қимай ауыл-ауылға тарқастық. Әуелде Айымзададан хат үздіксіз келіп тұратын. Кейін сағыныш хаттары кілт тоқтады. Себебін сұрағым келген. Алайда: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса ұят болады» деген соң демалыстың бітуін күттім.
Сарыла тосқан, сағына күткен күн де келіп жетті. Ару Алматыға құстай ұшып самғадым. Бірақ... Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт, жүрегім өрт болып отырған уақытта курстас қыздардың бірі қаралы хабарды жеткізді. Ол жаздың жаймашуақ күнінде суға түсіп, бақиға аттанып кете барыпты. Көзім қарауытты. Өкініш оты өзекті шарпып, сең соққандай отырдым да қалдым. Айымзада жоқ».
Ән мәтініне назар аударғанда шақыру, күту, сағыну сияқты сөздер жиі кездеседі. «Келші» деген сөздің қайта-қайта айтылуы жай ғана әдемі тіркес емес сияқты әсер қалдырады. Әнде біреуді іздеу, күту сезімі анық байқалады. Сондықтан тыңдаушы бұл әнді тек көңілді махаббат әні ретінде емес, тереңірек сезіммен жазылған шығарма ретінде қабылдайды. Әсіресе, баяу орындалғанда әннің мұңды сипаты айқын сезіледі.
Мэлс Өзбеков (1938-1995)
«Келші, Айым» әнінің кең таралуының бір себебі – оның әуендік құрылымының қарапайым болуы. Әнді алғаш естіген адамға ол бұрыннан таныс әуендей әсер қалдырады. Әуеннің жүрісі күрделі емес, сөз бен әуен бір-біріне еркін үйлесіп тұрады. Сол себепті ән тыңдаушыға жат көрінбейді, керісінше тез қабылданады. Осындай қарапайымдылық әннің халық арасына еркін тарауына мүмкіндік берді.
Әннің диапазоны аса кең емес, сондықтан оны кәсіби дайындықсыз да орындауға болады. Көпшілік арасында айтылғанда әркім өз мүмкіндігіне қарай қосылып кете береді. Әннің негізгі әуен сызығы сақтала береді де, орындаушының дауысына қарай аздап өзгеріп отырады. Мұндай икемділік көбіне халық әндеріне тән қасиет болып саналады. «Келші, Айымның» да халық әніне ұқсап кетуі осы ерекшеліктермен байланысты.
«Келші, Айым» әнінің кең танылуына киноның ықпалы ерекше болды. Ән «Гаухартас» фильмі арқылы көпшілікке бұрынғыдан да жақын жетті. Кино көрерменге бір мезетте оқиға мен әуенді қатар қабылдататын өнер болғандықтан, фильмде естілген әндер көбіне халық жадында ұзақ сақталады. «Келші, Айым» да осындай жолмен тараған шығармалардың бірі болды. Фильм шыққаннан кейін әннің танымалдылығы еселеп артты.
«Келші, Айым» әні жазылғаннан кейін көп ұзамай кәсіби орындаушылардың репертуарына енді. Әннің кең тарауына сахналық орындаулар мен кино ықпал етті. Әсіресе 1970-жылдары бұл ән тыңдарманға кеңінен жетті. 1975 жылы «Қазақфильм» студиясында түсірілген «Гаухартас» фильмі шыққан кезде әнді кәсіби әншілер орындап, ол үлкен аудиторияға тарады.
Алғашқы орындаушылардың бірі ретінде Люция Төлешова жиі аталады. Оның орындауындағы нұсқа әннің кең танылуына әсер еткен. Кейін ән көптеген әншінің репертуарына енді де, әр кезеңде қайта орындалып отырды. Әннің сахнада жиі орындалуы оның ұмытылмай сақталуына мүмкіндік берді.
Кейінгі жылдары ән әртүрлі орындаушылардың айтуында жаңғырып отырды. Мысалы, әнші Қарақат Әбілдина, "КешYOU" тобы, сынды танымал ән орындаушылардың айтуынша үлкен сахналардан көрініп жүр. Сонымен қатар, ән өзінше аспаптық музыкаға да айналып кетті. Мысалға виолончелші Бағжан Октябь әнді өз аспабына өңдеп, клип түсірген. Сонымен қатар, саз сырнайдағы орындау да керемет естіледі екен.
«Келші, Айым» әні қазақ композиторлық ән өнері кең тараған кезеңде жазылды. Сол уақытта жаңа әндер радио мен концерттер арқылы бүкіл елге жетіп отырды. Мэлс Өзбековтің бұл шығармасы да қысқа уақыт ішінде тыңдарманға жетіп, уақыт өте келе «Келші, Айым» авторлық шығарма бола тұра халық әніндей қабылдана бастады. Соның нәтижесінде ол белгілі бір орындаушымен байланып қалмай, көпшілікке ортақ әнге айналды. Бүгінде бұл шығарма бірнеше буын қатар білетін, халық арасында тұрақтап қалған әндердің бірі болып саналады.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс