Астанадағы LRT: Бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылуға дайындалып жатыр

Орталық LRT қозғалысын, бағдаршамдарды, қоғамдық көлікті және велосипед жалдау жүйесін басқаруды біріктіреді.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек LRT депосындағы Бірыңғай диспетчерлік орталықтың (768 м²) жұмысқа дайындық барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Орталық LRT қозғалысын, бағдаршамдарды, қоғамдық көлікті және велосипед жалдау жүйесін басқаруды біріктіреді. Сондай-ақ көлік деректерін өңдеу мен талдау жүргізіп, қалалық қызметтермен интеграция арқылы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бүкіл желі бойынша сынақтық пайдалану жүргізілуде. Пойыздар пилотсыз режимде (GoA4) қатынайды. Сынақтар барысында есіктердің синхрондалуы, позициялау жүйесі, тоқтау дәлдігі, қауіпсіздік инфрақұрылымы және апаттық рәсімдер тексеріледі. Күніне 12 сағаттан астам уақыт сынақ өткізіледі, оның ішінде түнгі мезгіл де қамтылған.

LRT құрамдары Орталық Азия климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді. Дөңгелек конструкциясындағы арнайы резеңке төсемдер діріл мен шуды азайтады.

Болжамды көрсеткіштер:

Қозғалыс аралығы: 5–10 минут

Стансалар арасы: 1,5–3 минут

«Нұрлы жол» – «Әуежай» бағыты: шамамен 40 минут

Жолаушылар тасымалы барлық сынақтар толық аяқталып, техникалық талаптарға сәйкестік расталғаннан кейін басталады. LRT жұмысы көктем айларында іске қосылады деп күтілуде.