Қазақстанда қанша апатты тұрғын үйлер бар екені және онда қанша адам тұратыны белгілі болды

Апатты үйлердің жалпы аумағы 834 мың шаршы метрді құрайды, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 808,2 мың шаршы метр болған.

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда апатты тұрғын үйлер саны 2,6 мыңға жеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға немесе 169 нысанға артық.

Апатты үйлердің жалпы аумағы 834 мың шаршы метрді құрайды, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 808,2 мың шаршы метр болған. Қазіргі таңда мұндай үйлерде 50,3 мың адам тұрып жатыр, ал өткен жылы 47,7 мың адам тұрған.

Ең күрделі жағдай Атырау облысында тіркелген, өңірде 705 апатты нысан бар. Алматы қаласы апатты үйлер тіркелмеген жалғыз қала болып отыр.

Елдегі тұрғын үй саны 2,59 миллионға жетті. Оның ішінде 2,29 миллион жеке үй бар. Көппәтерлі үйлер саны 306,4 мыңнан 299,6 мыңға дейін азайған. Қалаларда 1,07 миллион нысан орналасса, ауылдарда 1,52 миллион тұрғын үй бар.

Қазақстанның жалпы тұрғын үй қоры 447,2 миллион шаршы метрге дейін өсті. Бір жыл ішінде шамамен 13 миллион шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілген. Тұрғын үйлердің басым бөлігі жеке меншікте, ал мемлекет меншігіндегі баспана көлемі 10,1 миллион шаршы метрді құрайды.

Тұрғын үй алаңы ең көп өңірлер қатарында Алматы 58,3 миллион шаршы метрмен көш бастап тұр, Астана 39,7 миллион шаршы метр, Түркістан облысы 35,3 миллион шаршы метр, Алматы облысы 32,6 миллион шаршы метр көрсеткішке ие.

 

Орта есеппен қала тұрғындары 27,4 шаршы метрде, ал ауыл тұрғындары 21,3 шаршы метрде тұрады.