Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде Астанада жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету барысында ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арнап ескерткіш тақта орнатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Туған ауылындағы ақсақалдарының бастамасымен ауыл амбулаториясына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, Түркістан облыстық жедел жәрдем стансасының басшысы Бақыт Мырзагельдиев пен «Асықата» ауруханасы басшысының орынбасары Ерғали Сопбеков, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы мен туыстары, ұстаздары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жас болса да кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай білген білікті маман Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Байқоңыр ауданы жедел жәрдем подстансасының бригада аға-фельдшері болып жауапты қызмет атқарған.
Іс-шара барысында жиналған жұрт кәсіби қызметі жолында әрдайым қауіптің алдыңғы шебінде жүріп, адам өмірін құтқаруды басты мұрат еткен, ерлікпен қаза тапқан Ұлдананың жарқын бейнесін, ел есінде қалған еңбегін және адамдық асыл қасиеттерін тағы бір рет еске алды.
Қысқа ғұмырында кәсібіне адалдықтың, адам өмірі үшін күрестегі батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен Ұлдана Мырзуанның ерлігі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ауылдастарының бастамасымен орнатылған ескерткіш тақта мен демалыс және спорт аймағына Ұлдананың есімін беру – өткенге тағзым мен ерлікке құрметтің белгісі, елге адал қызмет еткен азаматтардың есімі ұмытылмайтынын көрсететін тағылымды қадам.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.