Quartz сайты жариялаған материалы негізінде Aikyn.kz өз саларында жетекші екі компанияның бірлескен жобасының ерекшеліктерін түсіндіреді.
Жүргізушісі жоқ көліктер шешімді жылдам емес, агрессивті емес, батыл емес, өте дәл және уақытында қабылдайды. Олардың жүрісі сабырлы, жүйелі және ең бастысы – адамға тән шаршау мен өзіне тым сену деген болмайды.
Жаңа Mercedes-Benz CLA көлігі Nvidia-ның пилоттық жобасы негізінде арнайы үйретіліп, Сан-Францискода сынақтан өтуде. Автомобиль тұтастай сенсорлар ансамблін қолданады. Онда 10 камера, 5 радар және 12 ультрадыбыстық сенсор орнатылған. Бірақ маңыздысы – «көздердің» саны емес, олардың ойлаумен қалай байланысатыны.
Ақылды көлік көшенің шетінде тоқтап тұрған, авариялық шамдарын жаққан автомобильді жай ғана көрмейді. Ол автобустың шынымен тоқтап тұрғанын растайды, жылдамдығын бағалайды, қашықтықты есептейді, жаяу жүргіншілер легінің өткенін күтеді. Содан кейін ғана кедергіні байыппен айналып өтті. Бірқалыпты, баяу және еш асықпай. Ақылды көлікті «жылдамдатайын, үлгеремін» деген ой болмайды.
Nvidia жүйесінің жұмыс принципі қарапайым әрі бір мезетте талғампаз болып көрінеді. Әрбір кіріс сигналы үшін жүйе «келесі сәтте не болады?» деген сценарийдің онға дейін симуляциясын іске қосады. Қауіпсіз маневр анықталған соң, автомобиль дәл соны орындайды.
Дәл осы жерде Nvidia философиясы көрінеді. Автономдылық – адамды алмастыру емес, шешім қабылдау инфрақұрылымы. Алайда Nvidia-ның басты ставкасы роботакси емес. Waymo тасымал сервисін құрып жатса, Tesla әр клиентін бета-тестерге айналдырса, Nvidia өзіне тән басқа жолды таңдаған. Ол автономды жүргізуді платформаға айналдырғысы келеді. Технологиялық стекке – біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін өзара байланысты технологиялар жиынтығына.
Қарапайым тілмен айтқанда, стек дегеніміз – шешімнің бүкіл «ішкі құрылымы»: темірден бастап шешім қабылдау логикасына дейін қамтиды. Стек – бұл бір бағдарлама немесе бір чип емес, автомобильдің «көруіне, ойлауына және әрекет етуіне» мүмкіндік беретін тұтас экожүйе. Nvidia мұнда автомобиль немесе сапар сатпайды, компания автономдылықты кез келген көлікке енгізуге болатын инфрақұрылым ретінде ұсынады.
Бұл – автокөлік өндірушілері нөлден бастап бәрін ойлап таппай-ақ, оны өз көліктерін орнатып, баптап, енгізе алатын өнеркәсіптік өнім. Сыналып жатқан жүйе Mercedes компаниясымен бірлесіп әзірленген. Бағдарламалық жасақтама, модельдерді оқыту, бұлтта және нақты жолдарда тестілеу – барлығы екі компанияның тығыз әріптестігі аясында өтеді. Көліктің қауіпсіздігін екі тарап та толық растамайынша, ол тұтынушыға берілмейді. Бұл – стартаптардың емес, өндірушілердің ұстанымы. Оның күші – осында.
Nvidia-ның негізгі артықшылығы – симуляция масштабы. Компания күніне бір миллионға дейін тест жүргізіп, мыңдаған графикалық процессорда жүздеген мың бірегей сценарийді іске қосады. Бұл «тірі» жүрген шақырымдардың жетіспеушілігін синтетикалық, бірақ шынайы деректермен толтыруға мүмкіндік береді. Басқа компанияларға жүргізушісіз көлікті нақты жолдарға сынауға жылдар қажет болса, Nvidia кремнийді пайдаланады.
Сондықтан да Nvidia өз роботакси паркін құрмай-ақ, нарық көшбасшыларын қуып жетуге, тіпті басып озуға сенімді. Ол таксидегідей сапарды қызмет ретінде сатпайды. Ол автономдықты, жүргізуші қажет болмайтын дайын жүйені сатады.
Waymo – сапар бизнесі. Tesla – бағдарламалық жасақтамасы бар автомобильдер. Nvidia – инфрақұрылым. Компания автономды әлемнің есептеу ДНҚ-сын индустрияға ұсынғысы келеді. Автомобильдегі компьютер, модельді оқытуға арналған компьютер және шынайылықты модельдеуге арналған компьютер – барлығы бір интеграцияланған стекте болады.
Бұл – ғылыми фантастикаға ұқсамайды. Бұл – ертеңгі күннің шынайы оқиғасы сияқты көрінеді. Бірқалыпты, сенімді және өзінің байсалдығымен де ақылды көлік аздап қорқынышты. Біздің ойымызша, өзінің иесінен де жақсы ойлайтын автомобиль – бұл қауіп емес. Бұл – ең жақсы прогресс.