Қазақстан Суперкубогы – 2026: Астанадағы тартысты финал

Есеп ойынның 6-минутында ашылды. Қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Луис Герра қостанайлықтарды алға шығарды – 0:1.

28 ақпанда «Астана Арена» стадионында Қазақстан Суперкубогы үшін матч өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алаңда алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» кездесті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында «Тобыл» ойыншылары жеңіске жетті – 5:4.

Есеп ойынның 6-минутында ашылды. Қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Луис Герра қостанайлықтарды алға шығарды – 0:1.

«Қайрат» 20-минутта Александр Мрынский көмегімен көп күттірмей таразы басын теңестірді. 

Алты минуттан кейін алматылықтар алға шықты. Жоржиньо тепкен пенальтиді қақпашы Сұлтан Бусурманов қайтарғанымен, допқа бірінші болып жеткен жартылай қорғаушысы Яакко Оксанен есепті 2:1 етті.

Екінші таймда ойын қарқыны бәсеңдеп, тактикалық тартыс күшейді. Матч тағдыры шешілгендей көрінген сәтте, 89-минутта «Тобылдың» капитаны Асхат Тағыберген айып добынан керемет гол соғып, есепті теңестірді – 2:2.

Пенальти сериясында қос команда да жоғары дәлдік көрсетті. Алайда шешуші соққы қостанайлықтардың еншісінде болды – 4:5.

Осыған дейін екі клуб та Қазақстан Суперкубогын үш реттен жеңіп алған еді.

2026 жылы жеңімпазға жаңартылған трофей табысталды

Биыл Суперкубоктың жаңартылған трофейі алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Жаңа кубоктың дизайны заманауи сипатта жасалып, маусым шымылдығын ашатын ойынның маңызын айқындай түсті.

Матч басталар алдында символикалық алғашқы соққы жасалды. Оны IBot гуманоид-роботы мен «Болашақтың ойындары – 2026» турнир дирекциясының жетекшісі Алибек Хасенов орындады. 

2026 жыл Қазақстанда Жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны белгілі. Жаңа футбол маусымының дәл осындай ерекше сәтпен басталуы да – соның бір белгісі.

Мерекелік көңіл күй

Суперкубокта танымал әнші Айқын Төлепберген және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан ерлер хоры жанкүйерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Астанадағы бұл матч жаңа маусымды ресми түрде ашты.