13-14 наурызда «Астана Балет» театры Carmina Burana балет-кантатасын көрермен назарына қайта ұсынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жазда премьерасы өткен бұл туынды балет өнерін сүйер қауымның арасында резонанс тудырған еді: елордалық театрда алғаш рет оркестр, хор және балет бірыңғай сахналық кеңістікте орындалды.
ХХ ғасырдың көрнекті неміс композиторларының бірі экспрессионист-композитор Карл Орфтың мистикалық әрі көңіліңді баурап алар Carmina Burana шығармасы философиялық және эмоцияға бай балеттің негізі етіп алынды. Бұл – өз заманының ең қуатты музыкалық шығармаларының бірі. Ол ерекше энергияға ие және академиялық классика мен бұқаралық өнер тоғысқан тұстағы заманауи мәдениетте ерекше орын алады.
Carmina Burana балеті – адам баласының болмысы, жан арпалысы мен азабы, адамның кұдірет күшімен үзілмес байланысы туралы ой-толғау. Балет сахнасында материалдық және рухани, жасампаз және қиратушы күш текетіресі көрсетіледі. Мұның бәрі – Фортуна дөңгелегінің үздіксіз қозғалысы, жалындаған өмір мен жанның реинкарнациясы жайлы баяндайды.
Балет оқиғасы екі жанның (Бозбала мен Бойжеткен) айналасында өрбиді. Олар біріне-бірі ынтық. Екеуара пәк сезімдері махаббатқа ұласады. Бірақ болмысыңды сақтап, махаббат сырын тану үшін өзгенің алдап-арбауынан, азғыруынан бойыңды аулақ ұстасаң ғана мүмкін екен. Спектакльдің бейнелік әлемі Орфтың музыкасынан ғана емес, Қайта Өрлеу дәуірі суретшілерінің эстетикасынан да қуат алған. Жаратылыс пен қиратушы күштер шартты түрде Жаратушы және Азғырушымен байланысты символдық кейіпкерлер арқылы бейнеленген.
Хореографиялық туындыны шығаруға көрнекті өнер қайраткерлері қатысты. Карл Орфтың музыкасы қойылымның негізі етіп алынып, оның ауқымы мен эмоционалды тереңдігін айшықтап берді. Қоюшы-балетмейстерлер Мукарам Абубахриева (Авахри) және Тимур Загидуллин шығарманың драматургиясын жеткізетін мәнерлі хореография тілін қолданды.
Спектакльдің хореографиясы неоклассика, contemporary және пластикалық импровизация элементтерін біріктіреді. Музыкасын бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі оркестр, хор және солисттер орындайды. Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі хордың қатысуымен вокал жүзеге асырылды. Бұл спектакльдің ауқымы мен дыбыс әлеуетін асырып, көрерменді бейжай қалдырмайды. Екі актілі қойылымның вокал партияларын опера солисттері – баритон Әділ Сұлтан, тенор Талғат Аллабиринов және сопрано Фируза Рахметова орындайды.
Театр репертуарындағы Carmina Burana – музыка, хореография, вокал және жарық драматургиясын өмір шырғалаңы мен махаббат салтанаты туралы біртұтас философиялық туындыға біріктірген ауқымды синтездік шығарма.