Қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін күшейтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жағдай толық тұрақталғанға дейін 6–10 айлық сәбилерге қосымша иммундау енгізілді. Сондай-ақ бұрын вакцина алмаған 2–5 және 7–18 жас аралығындағы балаларды, сондай-ақ расталған иммундауы жоқ 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін толықтырып вакцинациялау ұйымдастырылды.
Ұйымдастырылған ұжымдар мен әскери бөлімдерде вакцина алмаған адамдарды уақытша шеттету шаралары қарастырылды. Бұдан бөлек, жоспарлы емдеуге жатқызу талаптары мен эпидемияға қарсы режим күшейтілді.
Қабылданған шаралар оң нәтиже бере бастады. Өткен аптамен салыстырғанда (417 жағдай) тіркелген қызылша деректері 311-ге дейін төмендеді. Бұл — 106 жағдайға немесе 25,4%-ға аз.
Дегенмен, эпидемиологиялық жағдай әлі де толық тұрақтанған жоқ. Ең көп жағдай Астана қаласында — 81, Алматы қаласында — 48, Алматы облысында — 57, Атырау облысында — 57, Қостанай облысында — 57 және Батыс Қазақстан облысында — 29 жағдай тіркелді. Науқастардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар.
2026 жылдың басынан бері қосымша иммундаумен 6–11 айлық 36,7 мың бала қамтылды. Жоспарлы вакцинация аясында 1 жастағы 21,4 мың бала (6,7%) және 6 жастағы 17 мың бала (4,7%) екпе алды. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі 8,1 мың адам толықтырып иммундаудан өтті.
Министрлік ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, ден қою шараларын үйлестіруді жалғастыруда. Мамандар уақтылы вакцинация мен профилактикаға жауапкершілікпен қарау — халық денсаулығын сақтаудың және қызылшаның одан әрі таралуына жол бермеудің басты шарты екенін атап өтеді.