Мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік төлемдер 10%-ға өсті

Жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 59,3 миллиард теңге жұмсалды.

2026 жылғы 1 ақпандағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 86,2 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 59,3 миллиард теңге жұмсалды. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) аталған бағыттарға 8,9 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізілді.

Қазіргі таңда мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны – 545,9 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 191,9 мың адам.

МӘСҚ есебінен 86,2 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша, ал 62,9 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша төлем алып отыр. Төлем мөлшері азаматтың соңғы екі жылдағы табысына, сақтандыру өтіліне және басқа да жеке көрсеткіштеріне қарай есептеледі.

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 10%-ға артты. Биыл жалпы ауру бойынша мүгедектік жәрдемақысы:

I топқа – 111 873 теңге,

II топқа – 89 498 теңге,

III топқа – 61 022 теңге.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 54 742 теңге, ал асыраушысынан айырылу бойынша – 55 800 теңге.