Қазақстан адалдық жөніндегі ұсынымға қосылды

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстан Респуб­ликасының ЭЫДҰ-ның Қоғамдық адалдық жөніндегі ұсынымына (OECD Recommendation on Public Integrity) қосылғанын ресми түрде растады. Бұл туралы тиісті хатты ЭЫДҰ Бас хатшысы Маттиас Корманн Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының атына жолдады.

Аталған шешім ЭЫДҰ-ның Қазақ­стандағы қоғамдық адалдық жүйесі мен оның іске асырылу тетіктеріне жүргізген кешенді шолуының қорытындылары және Ұйым аясындағы барлық рәсімдердің толық аяқталуы негізінде қабылданды. Қабылданған шешім Қазақстанның адал­дық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласында ЭЫДҰ стандарт­тарын енгізу жөніндегі міндеттемелерді қабылдағанын растайды.

ЭЫДҰ-ның Қоғамдық адалдық жөніндегі ұсынымы – мемлекеттік басқару жүйесінде адалдық мәдениетін қалыптас­тыруға және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерін орнықтыруға бағытталған негізгі халықара­лық құжаттардың бірі. Құ­жат 13 қағидатқа негізделген және мемлекеттік аппараттың барлық дең­гейінде, сондай-ақ тұтастай қо­ғамда адал­дықты қамтамасыз етудің жүйе­лі, тәуекелге бағдарланған әрі контексті ескеретін тәсілдерін іске асыруды көздейді.

Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кәсіби, есеп беретін және азаматтарға бағдарланған мемле­кеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі реформалардың маңызды кезеңі саналады. 

Қазақстанның ЭЫДҰ Ұсынымына қосылуы – халықаралық стандарттарға әрі «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сай өзгерістердің орын алып жатқанын растайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аталған Ұсынымға қосылуды мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдірудің, әдеп стандарттарын күшейтудің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді дамыту мен азаматтардың мемлекеттік институт­тарға деген сенімін одан әрі арттырудың тиімді құралы ретінде қарастырады.

Агенттік алдағы уақытта да Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйе­сіне озық халықаралық тәжірибе­лерді енгізу және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалып­тастыру жөніндегі тапсырмаларын тұрақ­ты түрде іске асыруды жалғас­тырады.