Зияткерлік мінбердің үздіктері

Елордамыздағы Nurorda лицейінде «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды.

Биыл олимпиада екінші рет Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен және «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, тіл жанашырлары, сондай-ақ қазақ тілін қолдап жүрген кәсіпкерлер қатысты.

Іріктеу кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 9-11-сыныптың 2 мыңнан астам оқушысы қатысты. Үздік нәтиже көрсеткен 64 команда (192 оқушы) республикалық кезеңге жолдама алды. Финалда қатысушылар «Пікірсайыс», «Тілшілер» және «Білімпаздар» бағыттары бойынша бақ сынады.

«Ана тілі» олимпиадасының басты мақсаты – қазақ тілін жастар арасында кеңінен насихаттау, оны ғылым мен білімнің тілі ретінде дамыту, сондай-ақ оқушылардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін арттыру. Осы бағытта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетіп, тіл жанашырларын біріктіретін кәсіби алаңдар ұйымдастырып келеді.

«Біздің басты мақсатымыз – сөзге, әдебиетке, тілге қызығушылығы бар дарынды оқушылардың жолын ашып, оларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну. Сонымен қатар оқушылар арасында қазақ тілі пәнінің тартымдылығын арттырып, оның зияткерлік әлеуетін көрсетуге мән бердік. Бұл олимпиада жастардың қазақ тіліне қызығушылығын арттыратынына сенімдіміз», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Жоба қазақ тілін терең меңгеруге ынталандырып, оны жастар арасында беделді зияткерлік құндылық ретінде орнықтыруды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада алдағы жылдары дәстүрлі түрде жалғасады. 

– Олимпиаданың мақсаты – қазақ тілін жаратылыстану бағытында дәріптеу, балалардың қазақ тілінде ауызша және жазбаша еркін ойын жеткізуге көмектесу. Ерекшелігі – топтық байқау. Әр команда құрамында үш оқушы қатыса алады. Олар үш категория бойынша бақ сынайды. Биыл қатысушылар 20 өңірден 2 мыңға жуық оқушы қатысып, 64 команда іріктеп алынды,– деді «Білім-Инновация» ХҚҚ вице-президенті Қуат Қожахметов.

Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Үшарыс» командасы иеленді. Топтың мүшесі Қажыхан Әшірбайұлы байқауға мұқият дайындалғанын айтты.

– Командалық сайыс болғандықтан, топтың әр мүшесі кез келген сұраққа дайын болуы керек және категория бойынша өз міндеттерін дұрыс орындауы керек. Әр кезең біздің жаңа қырымызды ашты. «Пікірсайыс» бөлімінде коммуникациялық қабілетімізді дамытып, басқа топпен бәсекеге түстік. «Тілмаштар» кезеңінде жеке тұлғалық қабілеттерімізді көрсете алдық. Ал «білімпаздар» кезеңінде академиялық қабілеттерімізді арттырдық, – дейді «Үшарыс» командасының мүшесі.

Шараның бас демеушісі – Freedom Holding Corp. – қаржылық қызмет көрсететін, брокерлік қызметпен, бағалы қағаздармен сауда жасаумен, инвестициялық зерттеулермен және консультация берумен, инвестициялық банктік және андеррайтингтік көрсетілетін қызметтермен, ипотекамен, сақтандырумен, телекоммуникациямен, әуе билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сатумен айналысатын, онлайн супермаркет қызметтерін және т.б. ұсынатын әртараптандырылған компания болып саналады.

Марапатқа қол жеткізген 11-сыныптың 14 оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды. Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 5 грант, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – 5 грант, SDU университеті – 2 грант, Narxoz университеті – 1 грант және Coventry University Kazakhstan – 1 грант бөлді. Бұдан бөлек, командалар «Үздіктер», «Озаттар», «Мықтылар» және «Белсенділер» аталымдары бойынша марапатталды. Қазылар алқасының құрамына филолог-ғалымдар, «Білім-Инновация» лицейлерінің мамандары, тәжірибелі әдіскерлер мен белгілі қаламгерлер кірді.

 Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ