Бірегей жобаның берері мол

Жыл басында Қызылорда төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын маңызды мәселелер талқыға түсті. Оның ішінде Қызылорда қаласында салынып жатқан жаңа жылу электр орталығының жұмысы кеңінен сөз болғаны есімізде. Қазір бұл жобаның беталысы қалай?

Негізінен, бұған дейін өткен алқалы жиындарда қоғамдағы өзекті мәселелер күн тәртібінде қаралып, стратегиялық шешімдер ұсынылып келді. Оның ішінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, халықтың өмір сапасын арттырумен қатар жастардың әлеуметтік жағдайы, білім және тәрбие мәселесі, экономиканы әртараптан­дыру, аймақтардың дамуы мен инфрақұ­рылымдық жобалардың жүзеге асырылуы өзекті мәселе ретінде айтылып жүр. 

Биылғы құрылтай отырысы да көптің көкейіндегі маңызды мәселелерді қамтыды. Әсіресе, аймақтардың инфрақұрылымдық дамуы әңгіме өзегіне айналды. Осы ретте Мемлекет басшысы бірқатар өңірде жылу электр орталықтарын қайта жаңғырту қажет екенін тілге тиек ете келе, бұл мәселе Қы­зыл­орда облысында инвестор есебінен жүзеге асырылып жатқанына ерекше тоқталды. 

Бұл тұрғыда Президент: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стра­тегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіп­сіздігін нығайта түседі», – деп тоқталып өтті. 

Шындығында, Қызылорданың инже­нерлік және коммуналдық жүйелерін жаң­ғырту мәселесі көп жылдан бері күн тәртібінен түскен емес. Сыр шаһарында 1964 жылдар шамасында салынған жылу орталығының жабдықтарының тозып тұрғаны алаңдатарлық халге жетті. Соған орай, жаңадан жылу электр орталығын салуға шешім қабылданды. Бұл өңірдегі бірегей стратегиялық жоба ретінде қарас­тырылды. 

Нәтижесінде, ірі жобаны жүзеге асыруға 215 млрд теңге көлемінде инвестиция тар­тылды. Стратегиялық нысанды түркиялық инвестор – AKSA Energy компаниясы қолға алды. Бұл бірінші кезекте қаланы тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтуға мүмкіндікті арттырады деп көзделді. Екіншіден, өңірдің электр энергиясына деген қажеттігін толық өтеп қана қоймай, артылған энергияны өзге өңірлерге жеткізуге жол ашылады деп күтілуде.

Жаңа жылу электр орталығының қуаты 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын құрайды. Орталық толықтай заманауи қондырғылар­мен жабдықталған. Бұл жайында Қызылорда облыстық Энергетика, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы басқармасының жыл бедерінде атқарған есепті жиынында мәлім болды. 

«Қазір өңірде түркиялық инвестор – «Акса Энерджи»  компаниясы тарапынан жылу орталығы тесттік режимде іске қосы­лып, 176 мегаватт электр энергиясын өндіру мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын өндіру көзделіп отыр. Инвестициялық шартқа сәйкес, стансаны толық іске қосу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған», – дейді басқарма басшысы Медет Усаин.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Сыр өңірінің инфрақұрылымдық дамуына оң серпін берілді. Өңірде 10 608 шақырым электр желісі мен кернеуліктер бар. Сол сияқты 2 058 қосалқы станса жұмыс істейді. Былтыр 280 шақырым электр желісі және 87 дана қосалқы стансалар қайта жаңғыртудан өткізіліпті.

Кейінгі жылдары өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамту мақсатында жалпы құны 24,2 млрд теңгеге 71 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде, аймақтағы тозған желілер деңгейі 60,8 пайызға тө­мендегенін көрсетіп отыр екен. 

Жылу желілерін жаңғырту бойынша да атқарылған істер ауқымды. Бұл тұрғыда 2025 жылы бюджет есебінен 6 жоба жүзеге асырылып, жылу желілерінің тозу деңгейі 2 пайызға төмендеген. 

Осы орайда жаңа жылу электр орталы­ғының жайына тоқталсақ, ең алғаш бірегей жобаны жүзеге асыру мақсатында 2023 жылы жобалау құжаттары әзірленіп, 2024 жылы орталықтың құрылысы қарқын алды. Әуелгі жоспарға сәйкес, стратегиялық нысан 2026 жылдың тамыз айында іске қосылуға тиіс болатын. Дегенмен Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен станса мерзімінен бұрын пайдалануға беріліп отыр. 

Қорыта айтқанда, Қызылордада бой түзеген жаңа жылу электр орталығына мемлекет деңгейінде ерекше мән берілуі бекер емес. Өйткені энергетикалық әлеуетті арттыруға негіз болатын ірі инфрақұрылым­дық жоба  – өңірдің тұрақты дамуына тың серпін беретініне сенім зор. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы