Үкімет қазір ет бағасының өсуіне онсыз да шектеу қойып отыр, әйтсе де нарықтың заңдылығын бұзып, тым төмендете алмайтыны тағы бар. Жалпы, Қарағанды облысындағы еттің 80 пайызын жекелеген шаруашылықтар өндіреді. Табын сиыр мен үйір жылқы, отар қой – осы жеке шаруаларда. Бүгінде нарықты солар билеп тұр. «Біздің қолдан тек жәрмеңке өткізу келеді» деген шенділер еттің бағасын емес, әкелінген еттің көлемін есептеуге жүйрік. Мысалы, былтыр 13 желтоқсан күні Қарағанды қаласындағы Global City сауда-ойын-сауық орталығының аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Қарағанды облысының 7 ауылдық ауданынан және облыс қалаларындағы қайта өңдеу кәсіпорындарынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі қатысып, қала тұрғындарына өнімдерін нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен ұсынды. 45 тонна ет сатылды. Мейлі дейміз ғой, бірақ «болашақта мегаполис боламын» деген Қарағанды қаласына 45 тонна мөлшер тым аз.
Ет бағасының айтарлықтай өсуі халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызуда. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда кейінгі бір жылда ет бағасы 20-30 пайыз аралығында өскен. Қарағанды өңірінде сиыр етінің 1 келісі 3 500-4 500 теңге аралығында. Премиум санаттағы ет бағасы одан да жоғары. Қойдың бағасы ірі қарадан қымбат, 3 800-ден басталады. Тек жылқы етінің бағасы 3 200 теңгеден басталады. Бұл көрсеткіштер халықтың етке жұмсайтын шығынының айтарлықтай артқанын дәлелдейді.
Былтыр сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның кейбір өңірлерінде ет бағасының қымбаттауына қатысты: «Мұнда екі фактор бар. Біріншісі – бұл жаһандық проблема, оны мен бұған дейін де айттым. Бұл әлемдік ірі өндірушілер – Бразилия, Аргентина секілді елдердегі көлемдердің өзгеруіне байланысты. Екіншісі – бүгінде көршілес елдерде еттің бағасы әлдеқайда жоғары, сондықтан өнім сол жаққа көптеп кетуде, үлкен нарықтық сұраныс бар. Біз, министрлік ретінде, бұл жағдайды бақылап, бірқатар шараны, соның ішінде сыртқы саудаға қатысты бастамаларды қолға алдық, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін», – деген болатын.
Сонымен қатар «Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бағаны тікелей бұйырып бекіте алмаймыз. Бірақ біз осы шекте ұстап тұру үшін, қай жерде, қашан тауарлық интервенция жасау қажет болса, соны анықтап, дүрлігуді басып отырамыз. Ең бастысы – нарықта ет болады», – дегені тағы бар.
Ал қарағандылық кәсіпкер, ет сатушы Нұрлан Әбдіров нарықтағы жағдайды былай сипаттайды:
«Біз бағаны негізсіз көтермейміз. Бірақ көтерме бағамен қымбат сатып алған соң үстеме қосуға мәжбүрміз. Оның үстіне, тасымал, жалға алу, электр энергиясы сияқты қосымша шығындар да жылдан-жылға өсіп келеді».
Бұл пікір логистика мен инфрақұрылым шығындарының бағаға тікелей әсер ететінін көрсетеді. Жалпы алғанда, Қарағандыдағы ет бағасының қымбаттауы – бір ғана себептің емес, бірнеше экономикалық және әлеуметтік факторлардың нәтижесі. Мал азығының, жанармайдың, логистика шығындарының өсуі, экспорт көлемінің артуы, өндірістің төмендеуі және сұраныстың жоғары болуы бағаның өсуіне тікелей әсер етуде.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін жергілікті өндірісті дамыту, фермерлерді қолдау және нарықты тиімді реттеу қажет. Қарағанды қаласына аудандардан таң ата «Арай» базарына қарай ет тиеген көліктер ағылады. Бұл жерде делдалдар келілеп емес, тонналап алып, үстемеақы қосып дүкен, сауда орталықтары мен базар сөрелерінде саудалауға көшеді.
«Қала болған соң барлығы бірдей жылқы мен қой етін шаш та төк жей бермейді. Әркім қалтасына қарай сауда жасайды. Көбіне елдің тұтынатыны – құс еті. Бұдан соң қой мен сиыр еті. Ал жылқы етін сирек алады. Жылқыға жұрттың жүгінетіні дәстүрге сай тек қонақ күткенде ғана десек, артық айтқандық емес. Онда да тұтынушылар қазы мен қарта, жал-жая сұрайды. Біз қазір жылқы етінің келісін 3 200 теңгеден қабылдап, оны 3700 теңгеге сатамыз. Қарап отырсаңыз, екі баға – екі түрлі. Алушы саны көп. Олардың әрқайсысы аз мөлшерден алады. Бұл жүйе біздегі тауар айналымына көп септігін тигізеді», – дейді ет сатушы Сайран Ордалы.
Әрине, әкімдік те қарап отырған жоқ, арнайы сауда орындарын ашып жатыр. Әлеуметтік павильондар қаланың әр ауданында бар. Бірақ оның бәрі сұранысты қанағаттандыра ала ма?
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы