Ұлан Бекіш Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысының өкімімен Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұлан Бекіш 1986 жылғы 5 қазанда Талдықорған қаласында дүниеге келген.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Информатика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы ақпараттық технологиялар кафедрасында зертханашы болып бастаған. Кейін ақпараттық технологиялар бөлімінде жұмыс істеген.

2009-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде түрлі лауазымда еңбек етті. Сондай-ақ «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі акционерлік қоғамында жұмыс істеген.

2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың қаңтар айына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жүйелік талдау және басқару» кафедрасында оқытушы болды.

2021 жылғы қаңтардан 2022 жылғы сәуірге дейін Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма мүшесі  басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың сәуір айынан бастап «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ бас директоры болды.