Ұлттық қорғаныс университетінде генерал Шәкір Жексенбаевтың 125 жылдығына арналған мемориалдық бұрыш ашылды

Даңқты әскери қолбасшының мерейтойы құрметіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде «Шәкір Жексенбаев: ерлік пен тағзым» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.

Алқалы жиынға әскери жоғары оқу орнының басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, «Генералдар кеңесі» РҚБ президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков және батырдың ұрпақтары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Конференцияны ашқан Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Болат Оспанбеков әскери қайраткердің ерлік жолын кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

– Шәкір Жексенбаев – аса көрнекті әскери тұлға. Оның өмір жолы мен жанқиярлық қызметі жастарды Отан алдындағы парызға адалдыққа және еліміздің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеуде үлгі-өнеге болып келеді, – деді ол.

Конференция барысында университет оқытушылары мен магистранттары Шәкір Жексенбаевтың балалық және жастық шағы, майдан жолы, сондай-ақ бейбіт кезеңдегі ғылыми-зерттеу қызметі туралы баяндамалар жасады.
Шәкір Жексенбаевтың мерейтойына орай соғыс қаһарманының ерлігіне құрмет ретінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі естелік медаль тағайындады. Бұл қоғамдық марапат конференцияға қатысып, даңқты қолбасшының көпқырлы қызметін насихаттауға үлес қосқан азаматтарға табысталды.

Іс-шара соңында Ұлттық қорғаныс университетінде Шәкір Жексенбаевтың бюсті орналасқан мемориалдық бұрыш ашылды. Онда генералдың Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқанын дәлелдейтін архивтік құжаттар, мінездемелер мен марапат қағаздарының, сондай-ақ ол туралы жазылған мақалалардың көшірмелері қойылған.
Шәкір Жексенбаев Ұлы Отан соғысы жылдарында техникалық әскерлер генерал-майоры атағын алған тұңғыш қазақ болғанын атап өту керек. Химиялық қызметтің басшысы ретінде ол отты әрі химиялық қаруды қолданудың озық тәсілдерін енгізіп, талай жауынгердің өмірін сақтап қалуға және жауды жеңуді жақындата түсуге зор үлес қосты. Жауынгерлік ерлігі үшін ол Ленин орденімен, төрт Қызыл Ту орденімен, І  дәрежелі Отан соғысы және  Қызыл Жұлдыз ордендерімен, сонымен қатар әртүрлі медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін Шәкір Жексенбаев Мәскеуде оқытушылық қызметін жалғастырды. Ол Химиялық қорғаныс әскери академиясы мен Куйбышев атындағы Әскери-инженерлік академияда еңбек етті. 1988 жылы қайтыс болып, Кунцево зиратына жерленді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.