«Жаманның қасында жүргенше, жақсының аяғында жат»: Бағдат Әшімова ауызашарда марқұм Асанәлі Әшімовті еске алды

Кездесу барысында ол Асанәлі Әшімовпен бірге кешкен саналы өмірі жайлы тебірене әңгімелеп, көзіне жас алды.

Қазақ кино өнерінің абызы, марқұм Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова Сәкен Майғазиевтің шаңырағында өткен ауызашарға қатысып, жұбайымен бірге өткізген ғұмырын еске алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесу барысында ол Асанәлі Әшімовпен бірге кешкен саналы өмірі жайлы тебірене әңгімелеп, көзіне жас алды.

«Ескінің салтымен “басыңыз ағарсын” деп, ағаңыз кетсе де ортадан қалдырмай шақырғаныңызға рақмет. Осында отырғандардың бәрі — Асекеңнің көзін көрген жандар. Сағынышым әлі басыла қойған жоқ. Мен бақытты ғұмыр кештім. “Жаманның қасында жүргенше, жақсының аяғында жат” дейді ғой. 23 жыл 1 ай 3 күнім — менің қалған өміріме азық болып, жол салып кетті. Асекең 70-ке толғанда, “сол кісі жұтқан ауаны жұтсам разымын” деп етегінен ұстаған едім. Өзі елдің еркесі, халықтың абызы болды. Жас балаларға ананың орнын алып беріп кетті. Өле-өлгенше Асекеңнің аруағының алдында, оның көзін көрген халықтың алдында қызмет етемін. Артында қалған мұрасын аманаттай сақтаймын», — деді Бағдат Әшімова.

Сондай-ақ ол Сәкен Майғазиевке ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Желі қолданушылары Бағдат Әшімованың парасаттылығы мен көрегендігіне тәнті болғандарын жазды.

«Марқұм абыз ағамыздың жары да өте парасатты жан екен!», «Не деген керемет тілек!», «Сөйлеу мәнері қандай әсерлі!», «Бағдат апамыз өте ақылды кісі, Алла разы болсын!», — деп пікір қалдырды оқырмандар.