Таяу Шығыстағы шиеленіс алтын бағасын күрт өсірді

Инвесторлар геосаяси ахуалдың күрт ушығуына байланысты қауіпсіз активтерге бет бұрды.

Азия нарығындағы саудада алтын бағасы 2%-дан астам қымбаттады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Инвесторлар геосаяси ахуалдың күрт ушығуына байланысты қауіпсіз активтерге бет бұрды.

Спот алтын унциясы Астана уақытымен таңғы сағат 09:10-да $5 372 деңгейіне дейін көтеріліп, қаңтар айының соңынан бергі ең жоғары межеге жетті. Ал АҚШ-тағы алтын фьючерстері 2,8%-ға өсіп, $5 394 шамасында саудаланды.

Бағаның көтерілуіне АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққыларынан кейін өңірдегі жағдайдың шиеленісуі әсер етті. Сарапшылар аймақтағы тұрақсыздық мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, нарықта «risk-off» сценарийін күшейткенін айтады. Нәтижесінде акциялар арзандап, мұнай мен алтын бағасы өсті.

Pepperstone компаниясының аға зерттеу стратегы Майкл Браунның пікірінше, алтын бағасы алдағы уақытта $5 400 деңгейін сынауы мүмкін. Егер геосаяси белгісіздік сақталса, бағалы металлға сұраныс жоғары күйінде қалмақ.