Дубайда қалған Жанболат пен Жазира елге келетін арнайы ұшаққа мінбей қалған

Әнші елде жоспарланған концерттері кейінге шегерілгенін айтты.

Әнші, жұлдызды жұп Жанболат пен Жазира арнайы рейспен елге келе алмаған, – деп жазды Aikyn.kz.

Өйткені елден жіберілетін арнайы ұшақтарға алдымен аяғы ауыр әйелдер, 1–2 санаттағы мүгедектігі бар азаматтар, 5 жасқа дейінгі балалар және қарттар отырғызылады. Бұл туралы Жазира Байырбекова әлеуметтік желіде жазды.

«Құрметті отандастар! Біздің амандығымызды тілеп, алаңдап хабарласып жатқан барша жанға шын жүректен алғыс айтамыз. Дайрект пен WhatsApp желісіне келген көптеген хаттарға жауап ретінде сторисқа қысқаша видео жариялаған едім. Ол видео түрлі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кетіпті. Ешкімді уайымдату ниетіміз болған жоқ, тек жағдайымызды сұрап жатқандарға жауап ретінде салған 1 ғана сторис еді. Қазіргі таңда біз Оман мемлекетінің Маскат қаласына өттік. Елшілік өкілдерінің мәліметінше, елден жіберілетін арнайы ұшақтарға аяғы ауыр әйелдер, 1–2 санаттағы мүгедектігі бар азаматтар, 5 жасқа дейінгі балалар және қарттар отырғызылады екен. Заң солай екен. Біз алты адамбыз және бұл санатқа кірмейміз. Сондықтан әзірге өзге елдер арқылы ұшу мүмкіндіктерін күтіп отырмыз», - деді Жазира Байырбекова. 

Әнші елде жоспарланған концерттері кейінге шегерілгенін айтты.

«Елімізде жоспарланған мемлекеттік және жеке концерттерімізге билет алған көрермендерден кешірім сұраймыз. Егер сіз билет алған концертке, үлгермей жатсақ аман-есен жеткен соң басқа күнге ауыстырамыз. Бізге тілегендеріңізді , өздеріңізге де тілейміз. Жақсылықта қауышайық», - деді әнші.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.