Ақтөбеде қуаттағыш құрылғы жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды

Құрылғы сол күні қуаттауға қойылған.

Ақтөбеде қуаттағыш құрылғы (пауэрбанк) жарылып, бір отбасының үйі өртеніп кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Алматы арнасына сілтеме жасап.

Құрылғы сол күні қуаттауға қойылған. 

Қазір Тимур Майрумбаевтың үйінен тек күйген қабырғалар ғана қалған. Есіктері сынған, іші түтінге толып, өрттің иісі әлі сезіледі. Оқиға 28 ақпан, сенбі күні болған. Тимур бұл үйде екі ұлы және әкесімен бірге тұрған.

«Сырттан “пах” деген жарылысты естідім. Қарасам, ұлымның бөлмесінде немерелеріміз қуаттағыш құрылғыны электр тогына қосып қойған екен. Содан өрт шықты. Жарылыс болып, түтін басты. Бірден шкаф жана бастады. Дем алу мүмкін болмады, ештеңе көрінбеді. Құдай сақтасын, мұндай жағдай қайталанбасын. Жалпы, мұндай құрылғыларды балаларға қосуға мүлде тыйым салу керек», – деді Тимурдың әкесі Құрман Майрумбаев.

Өрт сөндірушілер бірнеше минут ішінде жеткенімен, үйді аман алып қалу мүмкін болмаған.

Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 ақпанда Ақтөбе қаласындағы «Арман» тұрғын үй кешенінде бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатырында өрт шыққан. Өрт сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық сөндірілген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрттен тек құжаттар ғана сақталған. Оқиғадан кейін отбасы туыстарының үйіне уақытша қоныс аударған. Қазір олар жаңа баспана іздеуде. Тимур Майрумбаев алты жыл бойы өз қолымен тұрғызған үйін енді қайта қалпына келтіруге мәжбүр.

«Мен өзім құрылысшымын. Қазір маған тек құрылыс материалдары қажет. Күн жылынса, үйді қалай қалпына келтіру керегін ойластырамын. Мүмкін қабырғаларды сүріп, қайта тұрғызуға тура келер. Бұл үйді өзім салдым, ешкім көмектеспеді», – деді ол.

Отбасы осы аптада үй аумағын қоқыстан тазалауды бастамақ. Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қуаттағыш құрылғыларды аса сақтықпен қолдану керектігін ескертеді. Ақауы бар құрылғыларды телефонға немесе электр желісіне қосуға қатаң тыйым салынады.