Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев бүгінгі брифингте Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесіне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Бүгінгі брифинг Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселелеріне арналған. Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салудамыз және кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ», – деді министрлік өкілі
Қазақстандық дипломаттар Орталық аппаратта да, өңір елдерінде де тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандастарға қажетті көмекті ұйымдастыру жөніндегі барлық жұмысты үйлестіретін арнайы штаб құрылды.
Эвакуация процесінің күрделілігіне түсіністікпен қарап, азаматтардан Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұрайды. Эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық беріледі.
Бүгінгі таңда Иранда – 47, Израильде – 163, Қатарда – 3000-нан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам, Сауд Арабиясы Корольдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар. Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты түрде байланыс бар, жағдайдың дамуына қарай қажетті ұсынымдар берілуде.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесе азаматтар үшін эвакуациялық рейстерді пысықтады. Бүгінгі күнге дейін шиеленіс аймақтарынан 946 азамат шығарылды. Жақын арада Маскат қаласынан Алматыға 314 азамат бар рейс келеді. Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 қазақстандықты қамтитын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, Оманнан елге 500-ден астам Қазақстан азаматы оралады деп күтілуде.
Сонымен қатар, бүгін Джидда – Атырау және Джидда – Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Олармен 326 азамат елге қайтарылады.
Әуе рейстерінен бөлек, қазақстандықтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Мысалы, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдік мекемелер 15 азаматтың Иран-Түрікменстан шекарасы арқылы өтуін қамтамасыз етті. Одан әрі оларға Ақтауға жету үшін қажетті көмек көрсетілді.
Сонымен бірге Тегеран мен Еревандағы дипломаттар «Заркух» компаниясының қалған 35 қызметкерінің Ираннан шығуын ұйымдастырды. Олар автобуспен Иран-Армения шекарасын кесіп өтті.
Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимылдар тоқтап, жағдай толық қалыпқа келгенге дейін Таяу Шығыс өңір елдеріне сапарлардан бас тартуға қатаң түрде кеңес беріледі.
Өңірде жүрген Қазақстан азаматтары жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқаулары мен ұсынымдарын орындауға, сондай-ақ Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарымен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен байланыста болуға шақырылады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен тиісті елдердегі шетелдік мекемелердің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды ұсынады.
Азаматтардың қауіпсіз түрде елге оралуы мемлекет үшін басымдық болып қала береді.