Бір ғасыр бұрын дәл осы уақытта Баку қаласында тұңғыш рет бауырлас елдердің түрколог ғалымдары бас қосып, ортақ әліпби, терминдерді біріздендіру, оқу-әдістемелік мәселелері, түбі бір туыс халықтар арасындағы әдеби-тілдік байланыстарды нығайту, түркі тілдерінің теориялық зерделенуі қатарлы қазірге дейін өзекті тақырыптарды талқылады. 1926 жылғы 26 ақпанда басталған 17 секциядан тұратын, 131 делегат қатысқан аса ауқымды жиын 5 наурызда мәресіне жеткен еді.
Түбі бір түркі жұрты өкілдерін түгел жинаған
Осыдан тура жүз жыл бұрын Бакудегі әйгілі Исмаил сарайында (1945 жылдан бері Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының ғимараты) өз жұмысын бастаған Бірінші Түркология құрылтайы күллі түркі дүниесінің тарихында айрықша орын алатын айтулы оқиға болды.
Әрине, сол кезеңнің тарихи жағдайы, құрылтайды өткізудің себептері мен саяси астары, оның ішінде кеңестік билік пен большевиктік партияның белгілі бір мақсаттары бұл оқиғаны түрлі қырынан бағалауға мүмкіндік береді.
Алайда бір ақиқат даусыз: Құрылтай қорытындылары түркі халықтарының ғылыми және мәдени дамуына серпін беріп, білім мен сауаттылықтың кеңінен таралуына жол ашқан бетбұрыс кезеңге айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Бірінші Түркология құрылтайы ХХ ғасырдағы мәдени тарихымызда ерекше рөл атқарды.
Құрылтай түркі халықтарының тарихында бірнеше себепке байланысты айрықша маңызға ие. Оның құжаттарын мұқият зерделесек, ұйымдастырушылары большевиктік идеология аясында әрекет еткеніне қарамастан, құрылтайдың тарихи миссиясын ғылыми әрі саяси тұрғыдан дәл бағамдай білгенін көреміз. Бұл 1920-жылдардың ортасында Кеңес Одағында салыстырмалы түрде ой және сөз еркіндігі сақталған кезеңде мүмкін болды.
Құрылтайдың тарихи маңызын Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Әзербайжан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Самед аға Ағамалыоғлы ашылу сөзінде былай деп атап өтті: «Тарихта тұңғыш рет барлық түркі-татар халықтарының өкілдері бауырластық құрылтайда бас қосып, өз мәдениетіне қатысты ең маңызды әрі өзекті мәселелерді талқылап, шешу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін түркі-татар халықтарының бүкіл тарихында мұндай ауқымды оқиға болмаған».
Расында да, 1926 жылы алғаш рет барлық түркі халықтарының өкілдері – зиялы қауым, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Бакуде жиналып, ортақ тарих, мәдениет, этнография, түркі тілдері мен әліпби мәселелерін бірлесіп талқылап, маңызды шешімдер қабылдады.
Тарихи басқосуға Қазақстан тарапынан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов бастап, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеев және Әзиз Бай-Сейдули қатысты. Айта кету керек, жиын барысында А.Байтұрсынұлының еміле туралы айтқандары кең талқыланып, көптің назарын аударғаны белгілі. Бұл қазіргі күні де өзектілігін жоймаған маңызды ұсыныстар әрі толық ғылыми дәйектелген тұжырымдар еді. Құрылтайдағы қорытынды сөзінде ол: «Жолдастар, осы Құрылтайда біз түркі халықтарының шынайы оянуын көрдік. Мұнда түркі халықтарының өкілдерінің қатысуымен ғылыми және тұрмыстық мәселелер кеңінен талқыланды» деген еді. Бұдан әрі Ахаң барша мәдени жетістіктерді аз ғана топтың емес, барша адамзаттың игілігіне айналдыруға үндеді: «Ғылым мен білімнің мақсаты – адамзаттың азабын жеңілдету, өмір игіліктері мен тұрмыс жағдайын арттыру... Алайда бұл жетістіктер бүкіл адамзаттың күш-жігерінің жемісі болғанымен, олар бүкіл адамзатқа бірдей қызмет ете қойған жоқ. Себебі бұл мәдени жетістіктерді империалистер, капиталистер және отарлаушылар иеленіп алды», деп атап өтті.
Құрылтайда түркі тілдеріндегі диалект туралы баяндама жасаған көрнекті ғалым Бекир Чобанзаденің, әйгілі түркологтар В.Бартольд, А.Миллер, А.Самойлович, Н.Поппе секілді ғалымдардың ұсыныстары басқосудың қабылданған құжаттарында көрініс тауып, алғашқыда үлкен ынтамен қолға алына бастады. Алайда артынша кеңестік саясат тоқтау салып, қатысушыларды әртүрлі айыптармен қырына алғаны белгілі...
Татар делегациясын басқарып келген жазушы, білікті тілші-ғалым Галимджан Ибрагимов латын әліпбиіне көшудің кері ықпалдары туралы айтса, қырғыз халқының жас та болса басы саналатын өкілі Қасым Тыныстанов оның тиімді жақтарын зерделеп берді. Осындай шынайы пікірталас нәтижесінде туындаған ортақ әліпби туралы аса құнды ойлар басқосу стенограммасына қатталып, біздің қолымызға жазалау саясатынан аман жетті.
Арада ғасырға жуық уақыт өткен соң Түркі академиясының бастамасымен құрылған Ортақ әліпби жөніндегі мемлекетаралық комиссия өз жұмысы барысында сол пікірлерді де ескерусіз қалдырған жоқ.
Ақиқат ашық айтылды
Құрылтайдың тағы бір маңызды қыры – түркі халықтарының мәдени және экономикалық тұрғыдан түбегейлі ілгерілеу қажеттігін түсінуі болды. Күн тәртібіне сауаттылық пен мәдени даму деңгейіндегі артта қалушылықты жою міндеті шықты. Бұл мәселеге қатысты Әзербайжан Революциялық комитеті төрағасының орынбасары Мирза Давуд Гусейнов өз сөзінде тарихи себептерге тоқталды:
«Түркі халықтары сан жағынан КСРО халықтарының қатарында алдыңғы орындардың бірін алады. Олар Алтай тауларынан бастап ұлы Еділ аңғарларына дейін, биік Кавказ тауларынан әсем Қырымға дейін кең аумақтарды мекендейді.
Сәл бұрын ғана, шамамен он жыл ертерек, бұл халықтар патша билігінің ауыр езгісінде болды. Патшалық билік тек орыс жұмысшылары мен шаруаларын ғана емес, барлық басқа халықтарды да басып жаншыды. Әсіресе, бұл езгі ұлттық азшылықтар үшін, яғни көпшілік емес халықтар үшін өте ауыр әрі қатаң болды.
Сонымен қатар патша үкіметі орыс емес халықтарға орыстандыру саясатын жүргізді. Оның мақсаты – орыс емес халықтарды жою және орыстандыру болды. Әйтпесе, патша үкіметінің Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан және Қазақстан аумақтарын басып алуын және оларға қосуын, сондай-ақ «түрік» деген сөзді заңсыз деп жариялап тыйым салуын түсіндіру мүмкін болмас еді», – деді ол сөз сөзінде.
Мұндай тарихи шындықты Ресейдің мемлекеттік және ғылыми қайраткерлері қатысқан халықаралық маңызды кездесуде ашық айту сөзсіз батылдықты қажет етті. Осыны ескерсек, 1930-жылдардың соңында тек Құрылтайға қатысқан ғалымдар ғана емес, оны ұйымдастырған Кеңес мемлекеті мен большевиктік партия өкілдері де қатаң репрессияға ұшырағаны таңғалдырмайды. Солармен қатар осындай көзқарастарды ашық білдіргендер де, жай ғана тыңдағандар да, 1930-жылдары жаңа саясаттың жауы деп жарияланып, жазалауға ұшырады.
Білім мен ғылымға үндеген
Түркология құрылтайының тарихи мәнінің тағы бір қыры – түркі тілдеріндегі әліпби, емле және терминология мәселелерінің қаралуы. Сонымен қатар халықтың сауатын ашу, білім деңгейін көтеру және әсіресе ана тілінде білім беруді дамытуға бағытталған нақты шараларды қабылдау қажеттігі айтылды.
Сол Құрылтайдағы сөзінде Мирза Давуд Гусейнов тағы бір айтқаны ойға оралады: «Біздің халықтар, әсіресе, түркілер, мәдениет пен сауаттылық саласында ауыр қиындықтарды бастан кешіріп отыр. Алдыңғы қатардағы Әзербайжан мен Түрікменстан сияқты республикаларды алғанның өзінде, олардың сауаттылық деңгейі тек 10-15 пайызды ғана құрайды. Біз әлдеқайда алға жылжи алар едік, тәжірибеміз көрсеткендей, ең бастысы – сауаттылық. Бұл жолдағы басты кедергі – біздің әліпбиіміз, яғни араб жазуы. Барлығы мойындайды, қазіргі күйінде бұл әліпби біз үшін елеулі тосқауыл болып отыр».
Осы мәселеге қатысты өзінің кіріспе сөзінде Күнгей Кавказ Социалистік Федерациялық Кеңестік Республикасы үкіметінің төрағасы Газанфер Мусабеков:
«Түркология құрылтайының алдында практикалық маңызы бар бірқатар міндет тұр. Бұл тек тіл мен терминологияны дамыту, сауатсыздықты жою сияқты ірі мәселе ғана емес, сонымен қатар орта және жоғары оқу орындарында ана тілінде білім беру, оқулықтарды ұлттық тілдерге аудару сияқты жұмыстарды да қамтиды. Алайда бұл маңызды іс-шаралар көбіне тіл мен терминологияның толық дамымағанынан кедергіге ұшырайды. Осы күрделі мәселелерді шешуде біз Түркология құрылтайынан үлкен үміт күтеміз», – деді.
Осылайша, Бірінші Түркология құрылтайы түркі халықтарының ғылыми және мәдени өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, әсіресе түркі халықтарының латын әліпбиіне көшуі сияқты тарихи маңызы зор міндетті табысты жүзеге асырды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған Құрылтай табысты болды. Көптеген маңызды шешімдер қабылданды.
Атап айтқанда, жаңа түркі (латын) әліпбиінің араб және реформаланған араб әліпбиіне қарағанда артықшылықтары мен техникалық тұрғыдан басымдығы, сондай-ақ араб жазуымен салыстырғандағы оның мәдени-тарихи әрі прогрессивтік маңызы көрсетіліп, жаңа әліпбиді енгізу ұсынылды.
Түркі тілдерінің жан-жақты зерттелуі, салыстырмалы-тарихи грамматикалары, салыстырмалы этимологиялық сөздіктерін әзірлеу жұмыстарын қолға алу қажеттігі пайымдалды.
Түркі халықтарының ана тілін тиімді оқыту үшін мұғалімдерді сапалы даярлаудың маңызы, сауат ашуда, түркі тілдерін оқытуда негізгі материал ретінде халық ауыз әдебиеті үлгілері алынуға тиіс екендігі, ал әдебиетті оқытуда басқа түркі халықтарының әдебиеттерімен де қысқаша таныстыру керек екендігі келісілді.
Түркі халықтарының тарихын зерттеуде археологиялық қазба жұмыстарының, әсіресе, керуен жолдарына археологиялық зерттеу жүргізудің маңыздылығына тоқталып, маңызды тарихи дереккөздерді түркі тілдеріне аудару мәселесі мен соңғы жылдардағы экономикалық әрі әлеуметтік тарихи зерттеулердің қажеттілігі атап өтілді.
Түркі тілдерінің емлесінде фонетикалық қағидатты ұстанудың қажеттілігі мен араб әліпбиінің жаңа емлеге негіз бола алмайтындығы баса айтылды.
Сонымен қатар термин сөздерді түркі тілдерінің сөздік қорынан алудың тиімділігіне баса назар аударылды.
Ортақ әліпби – орындалған аманат
1937-1939 жылдардағы саяси қуғын-сүргін бұл жетістіктерге тоқтау салғанымен, Құрылтайдың тарихи маңызы ұмытылған жоқ. Сол себепті де 1991 жылы көптеген түркі халықтары мемлекеттілігін қалпына келтіріп, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін латын әліпбиіне көшу мәселесі қайтадан күн тәртібіне енді.
2023 жылы Халықаралық Түркі академиясының үйлестіруімен және Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының қолдауымен мемлекетаралық Ортақ түркі әліпбиі комиссиясы құрылғанын мақтанышпен атап өте аламын. Академия бұл үдерісте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тіл білімі институттарымен, Түрік тілі құрымымен және жетекші тіл мамандарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, 2024 жылғы 11 қыркүйекте Бакуде өткен комиссияның үшінші отырысында латын графикасына негізделген 34 әріптен тұратын Ортақ түркі әліпбиі қабылданды.
Осылайша, Түркі академиясы мен серіктес ұйымдар халық ағарту ісі мен ұлттық мәдениеттің дамуына өмірін арнаған 1926 жылғы құрылтай қатысушылары мен ұлы тұлғалардың алдындағы парызының бір бөлігін орындады.
Академия ортақ әліпби үлгісін қабылдаумен тоқтап қалмай, Абайдың «Қара сөздері» мен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесін алғаш рет тәжірибе жүзінде аталған қаріптермен басып шығарды. Оқырман қауым жылы қабылдап, аз ғана уақытта түгелдей таратылып кетті. Оларды бүгінде екінші басылымға әзірлеудеміз. Сондай-ақ, бұдан бөлек бірнеше танымал туындыны осы дәстүрмен оқырман назарына ұсыну биылғы жоспарымызға енгізілген. Осылайша, бір ғасыр бұрын, Бакудегі Бірінші түркология құрылтайында көтерілген бастама жүзеге асып, қолданысқа енгізіле бастады деуге негіз бар.
Шахин МҰСТАФАЕВ,
Халықаралық Түркі академиясының
президенті, академик