Арнайы операция Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен полицияның арнайы жасағының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жалға алынған тұрғын үйде каннабис тобына жататын өсімдіктерді өсіруге арналған жарықтандыру және желдету жүйесімен жабдықталған арнайы термопалаткалар орнатылғаны анықталды. Тінту барысында есірткісі бар өсімдік бұталары, кептірілген өсімдік тектес зат, тұқымдар, электронды таразылар, орауға арналған материалдары, кептіру және өсіру құрал-жабдықтары, сондай-ақ ұлттық және шетел валютасындағы ақша қаражаты тәркіленді.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев мұндай деректерді анықтау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
– Біз есірткіні заңсыз өсіру мен таратудың барлық арналарын жүйелі түрде анықтап, жолын кесеміз. Құрамында есірткісі бар заттарды өндіруге бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен жастарды қорғау мәселесі, – деді ол.
Полиция өкілдері мегаполисте есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар жүйелі негізде жалғасып жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында заңсыз есірткі жарнамасын таратумен айналысқан ер адамның қылмыстық әрекетін тоқтатты.
Жедел шара барысында анықталған тұрғын қала көшелерінде "табыс" деп жазылған және QR-код бейнеленген қағаз хабарландыруларды таратқан. Аталған кодты сканерлеген кезде қолданушыларға есірткі мен психотроптық заттардың курьері ретінде жұмыс істеу ұсынылатын интернет-ресурстар ашылған.
Ер адам жарнама қағаздарын өзі басып шығарып, тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және қаланың басқа да инфрақұрылым объектілеріне жабыстырып жүрген. 100 хабарландыру орналастырғаны үшін ол 15 мың теңге көлемінде ақы алған.
Ер адамнан заңсыз жарнамалық материалдары бар қағаз өнімдері тәркіленді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қала аумағында ұқсас қылмыстарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.