Жетісу университеті: Заң үстемдігі – тұрақты қоғамның басты кепілі

Жаңа Конституция – еліміздің ертеңіне бағытталған маңызды құжат.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Заң мен тәртіп» идеологиясын дәріптеу мақсатында «Заң мен тәртіп» – Конституция үстемдігінің негізі» атты кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Талдықорған қаласындағы құқық қорғау органдарының басшылары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастар қатысты.

Кездесуді университет ректоры Ермек Бөрібаев жүргізіп, "Заң мен тәртіп" идеологиясы қоғамның тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін атап өтті. Ол Конституция – мемлекетіміздің басты құжаты екенін айтып, онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғамдағы тәртіп пен әділдіктің негіздері айқындалғанын жеткізді. Ректор мұндай кездесулердің жастардың құқықтық сауатын арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал ететінін атап өтті.

Жиында Талдықорған қаласының прокуроры, әділет аға кеңесшісі Марат Сматов сөз сөйлеп, заң үстемдігі қоғамның барлық саласы үшін маңызды екенін айтты. «Бұл бағытта қалалық прокуратура Жетісу университетімен арнайы меморандум жасап, бірлескен іс-шаралар атқарып жатыр. Мәселен,  студент жастардан құрылған «Жас қыран» тобы қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді үлес қосып келеді. Сондай-ақ болашақ заңгерлердің теориялық білімін практикада шыңдауына мүмкіндік жасап отырмыз. Тәжірибе барысында өзін жан-жақты көрсете білген студенттерді қызметке аламыз», деді қала прокуроры.  

Ал Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аида Бельгибаева «Заң мен тәртіп» қағидасы  тақырыбында баяндама жасап, облыс бойынша қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендегенін атап өтті. Ол әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінген жағдайда қоғамдық қауіпсіздік те нығая түседі, деді.

Құқық және экономика факультетінің деканы Ғалым Телеуев жаңа Конституцияның преамбуласына тоқталып, Ата Заңның кіріспесі жаңа мазмұнға ие болғанын ғылыми тұрғыда талдап берді. Ал жас ғалым Айдын Алтайұлы Алаш заңындағы «Заң мен тәртіп» қағидасының жаңа Конституция жобасымен сабақтастығының құқықтық, саяси және құндылық негіздерін талдады.

Кездесуге арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студенттермен пікір алмасып, жаңа Конституцияның жастар болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция – еліміздің ертеңіне бағытталған маңызды құжат. Онда заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттары айқын көрініс тапқан. Ұлы ойшыл Абайдың «Толық адам» ілімінде де адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттер жоғары бағаланады. Бүгінде  осы құндылықтар қоғам дамуының басты тірегіне айналып отыр. Сондықтан жастар болашақ иесі ретінде маңызды саяси науқанға белсенді қатысуы керек, – деді Ақерке Абылайхан.

Жиын соңында университет ректоры Ермек Бөрібаев арнайы келген қонақтарға «Заң мен тәртіп» қағидасының мәнін жастарға терең түсіндіргені үшін алғыс білдірді.