Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесіне өзгеріс енгізілді

Құжатта ҰБТ-ны қайта тапсыру тәртібі де нақтыланған.

Ғылым және жоғары білім министрі Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңартылған редакцияға сәйкес, қысқартылған оқу мерзімі бар ұқсас білім беру бағдарламаларына түсетін талапкерлер, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шығармашылық дайындықты қажет ететін бағыттарды қоспағанда, ҰБТ-ны жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша тапсырады.

Құжатта ҰБТ-ны қайта тапсыру тәртібі де нақтыланған. Егер қатысушы тестілеуге ауру, госпитализация, жақын туысының қайтыс болуы, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларға қатысуы, сондай-ақ төтенше жағдайлар секілді дәлелді себептермен қатыса алмаса, бұл жағдайды ресми құжаттар арқылы растауға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар ҰБТ-ға электрондық форматта қатысу үшін өтініш беру мерзімі мен тәртібі жаңартылды. Дәлелді себептері болған жағдайда, талапкер белгіленген тіркеу мерзімінен кейін де өтініш бере алады.

Жаңартылған ережеде апелляция рәсімі де кеңейтілді. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушыға нәтижелерімен және талдау картасымен танысуға 10 минут уақыт беріледі. Осыдан кейін ол апелляцияға өтініш беруге немесе процесті аяқтауға шешім қабылдай алады. Апелляция қорытындысы 30 жұмыс күні ішінде жарияланады.

Бұдан бөлек, білім беру бағдарламалары топтарының тізбесіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, В060 «Химиялық инженерия және процестер» бағдарламасына «Химия» және «Физика/Биология» пәндері қосылды.