Ақмола облысында заңсыз алтын өндіруге байланысты тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Бұл жолы оқиға ауыр жарақатпен емес, адам өлімімен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз алтын өндіруші шахтаға құлап кеткен. Салдарынан аса қатты жарақат алған адам оқиға орнында көз жұмған.
Өңірдегі алтын кеніштеріндегі қауіпсіздік мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Өткен жылы Ақмола облысындағы Бестөбе мен Ақсу шахталарында 800-ден астам заңбұзушылық анықталған еді. Ал биылдың өзінде 50-ге жуық құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар мұндай жағдайлар кезінде адам өлімі мен ауыр жарақат алу деректері де кездесіп отыр.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Қазіргі уақытта қаза тапқан адамның жеке басы мен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – дейді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.