Ұлттық банк шағын және орта кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының бекітілгенін хабарлады. Банктің мәліметінше, жаңа бағдарлама короновирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін жасалды. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тиісті тапсырма берген. Осылайша, Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. «Бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 миллиард теңге бөлінді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық мөлшерлемесі 8%-тен аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беру арқылы іске асырылады» делінген ресми хабарламада. Екінші деңгейлі банктер бөлінген қаражатты 3 айдың ішінде игеруі тиіс. Кредиттер 13 банк арқылы беріледі. «Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банкттердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға және өзге де мақсатқа пайдалануға тыйым салынады. Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстанның орнықтылығы қоры» АҚ-пен бірлесіп кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақытылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізеді» делінген мәлімдемеде.