Қыздарымыз Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда – Тоқаев

Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президент:

«Сонымен қатар бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өткім келеді.

Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталады.

Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым.

Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады.

Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады», – деді.