Алтын сандықты ашсаң, оның ішінен күміс сандық шығады. Күміс сандықты ашсаң, мыс сандық көрінеді. Мыс сандықты ашқанда жез сандықты көресің. Сол жез сандықта құлып тұр. Құлыптың кілті қайда? Сандықтар тұрған жердің ең жоғары жағында жұрт көзіне түспей, қонақтап отырған ақ көгершінде. Ақ көгершіннің тілінің астында.
Ақ көгершіннен кілтті қалай аламыз? Бұл ақ көгершін өзі бұлбұлдай сайрап ән сала алмайды. Бірақ ән тыңдағанды ө-т-е жақсы көреді. Ол өзіне ұнайтын сазды әуенді естігенде жаны елітіп, құс сезіміне бөленіп, өзі қосылып айтқысы келеді де «шиқ» деп, көмейін ашып кеп қалады. Сол кезде тілінің астындағы кілт жерге түсе кетеді. Ескерту: ақ көгершін өте сақ. Кілтті тілі астынан түсіріп алған кезде кілттен айырылсын ба, бірден қанатын қомдап жерге ұмтылады. Ал сен үлгеріп алсаң, кілтті алдың, алмасаң, өз обалың өзіңе. Кілт жоқ! Кілт болмаса Камалдың қамалындағы алтын сандық та жоқ. Осындай сырды менен басқалары біле ме, білмей ме, оны айтқым келмейді.
Енді бүгінгі әңгіменің басты кейіпкері – Камал Әлпейісовамен таныстырайын. Алтын сандықты Камал – жазушы, ғалым, аудармашы, ақын, әрі журналист, әрі филолог. Ол Қостанай облысы Аманкелді ауданында туған. Еңбек жолын «Ленишіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында жалғастырған. 1990 жылы ҚР Жоғары Кеңесінің «Әйелдер ісі, отбасы, ана мен баланы қорғау комитетіне қызметке тұрған. Ал 1994 жылы белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиевтің өзі қалап, шақыруы арқасында Жоғары Кеңестің редакциялық баспа бөліміне консультант болған. Жоғары Кеңесте 20 жыл еңбегі сіңген. Парламент Сенатында редакциялық баспа бөлімі бойынша бас консультант, ілеспе аударма секторының меңгерушісі, редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2011-2014 жылдары Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде қызметтер атқарған.
Камекең – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кәсіби ілеспе аудармашыларының бірі. Ал әйел ілеспе аудармашыдан нөмірі бірінші, яғни тұңғышы. Республикалық «Үздік аудармашы» конкурсының тұңғыш жеңімпазы. Филология ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Бірнеше кітаптың авторы.
Ой-өрісі ұшқыр әрі телегей теңіздей. Жұрттың жанына нұрлы сөзбен нәр беріп, ұрпақ санасын саралап, замандастарының өн бойына ізгіліктің нұрын шашып, әр жүрекке жылу сыйлағыш қазақтың зиялы қызы.
Камалдың өмір тарихына, қызмет жолдарына, ғылыми еңбектеріне, аудармаларына, проза жанрындағы әңгімелер жинақтарына және қазақша-орысша-ағылшынша шығарған фразеологиялық сөздіктеріне аялдамай, Камалдың ақындық өнері жиналған алтын сандығын ақтарып көрсетсем деген ойдамын (Ақ көгершіннен кілтті алғанмын).
Қолымда «Жүрегімде жасырған жырларым» атты кітап. Бұл кітап 2023 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің (қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі) «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша ЖШС РПБК «Дәуір» баспасынан жарық көрген. Осы кітаптың бірінші бетін ашқанда «Оқырманға арнау сөзде» Камекең бүй дейді:
– Өлеңді жүйелі жазған емеспін. Ара-тұра мен түсінбейтін бір күшпен тілімнің ұшына оралатын шумақтардың кейбіреуі қағазға түсетін, бірталайы түрлі себеппен ұмыт болды. Сақталып қалғандарын, оның ішінде тәрбиелік мәні бар-ау деген жырларымды жиын-тойларда оқитын батылдық та бірден пайда болған жоқ, – деп әрмен қарай: – Жүректен шыққан өлең де өзіңнің туған балаң сияқты. Дүниеге келтірген екенсің, ол да өмір сүруге тиіс. Әр өлеңімнің, оқыған кезімде жұртты ұйытып, біреулерді жұбатып, біреулерге жігер беріп, біреулерді болашаққа жетелейтінін көрдім. Әлі талай оқырманға ой салып, кәдеге жарайтынына сенімдімін, – деп Камал ағынан жарылған.
Өлеңдер жинағының көлемі әжептәуір 224 бетті қамтиды. «Өмірімнің өрнегі», «Сезім елі», «Мың құбылған заман» атты таулай-таудай үш бөлімнен тұрады. Жыр басы «Ұлы Абайға» деген төрт шумақты өлеңмен басталған.
– Сен мені кінәлама, ұлы баба,
Өлеңімнің бірі мұң, бірі нала.
Жыр жазар көздің жасын сүртіп алып
Мен қазақ қыздарының бірі ғана.
Сен маған ақыл айтшы, дана Абайым,
Сая іздеп, қай жерді енді сағалайын?
Басымды тау мен тасқа ұрып жүріп,
Мен қалай шуақты жыр жаза алайын?
Өмірімді өлең деп айта алмаймын,
Күн түнеріп, аспанда шайқалды айым.
Бола ма деп дос-туыс ара ағайын
Қабағына әркімнің жаутаңдаймын.
Өзіңдей «сап, сап көңлім», дедім баба,
Ауырлық басымда емес менің ғана,
... Әлі-ақ болам бір тұлға елім үшін:
Жолы-бөлек, сөзі асқақ, үні дара!
Түсініп оқыған жанға ой салатын шумақтар. Мұң мен қайғысыз адам жоқ. Әрбір пенденің ішкі әлемінің жан сыздатар жарасы бар. Ондай жарасы барлар ауырлықты әрқайсысы әрқалай көтереді. Еті тірілер болса, мұндайларды сілкіп тастайды. «Мендегі ауыртпалық ешкімді қызықтырмайды. Бүйтіп сыртқа сорлы көрінгенімше қайғы-мұңға қарсы тұруым керек» дейді. Автор осының бәрін небәрі төрт шумақ өлеңге сыйғызып отыр. Бұл деген шеберлік емес пе? Қазіргі заманда көзінің жасын төге, басын тау мен тасқа ұра, әркімнің қабағына жаутаңдай қараған қазақ қыздары аз емес. Сол қыздарға «Еңсеңді түсірме, езілме, бойыңды тік ұста!» дейді. « ... Әлі-ақ болам бір тұлға елім үшін, Жолы-бөлек, сөзі асқақ, үні дара!» – деп қайрат пен жігер берумен жыр аяқталып, санаңа салмақ салатын, жан дүниеңді күйрететін пенделік ойлардан арылтады.
Біздің бала кезімізде Радж Капур деген сүйікті үнділік актер болған. Сол Радж Капур алыста оқуда жүрген қызына хат жазыпты. «Егер сен күлсең, жадырап жүрсең, бүкіл әлем күледі, жадырайды. Егер сен қайғыратын болсаң, ешкім де қайғырмайды. Осыны әркезде біліп жүр» деген екен. Камекең де төрт шумақтың қорытындысында осындай ой айтқысы келген. Мұны «Жарайсың, Камеке!» деп бағасына «5»- деген баға қойып, атап өтпеске? Керемет қой!
Камекеңнің өлеңдерінде ерекше аналық мейірім тұнып тұр. Барлық адамға негізі керегі мейірім екенін, сондай-ақ, барлық адамға жетпейтіні де мейірім екенін ұқтырады. Шынында, бүкіл адамзатты ұстап тұрған мейірім десек қателеспейміз. Мейірімділікті көрген сайын, оның шапағатын сезінген сайын адам тек жақсылықты ойлай береді. Мәселен, «Келінімді көргенде» деп аталатын өлеңді оқып көрейікші:
– Жүзің қандай ашық еді арайлым,
Сені көріп ұмыт болды талай мұң.
Таң нұрындай арайлаған жүзіңе,
Тоймай-тоймай мейірлене қараймын.
Жүзің қандай нұрлы еді жарығым,
Елжіретті ерке еліктей қалыбың.
Үміт, күдік дірілдеткен жаныңды,
Үркектеген тұрысыңнан таныдым.
Көктем гүлі қызғалдақтай көркемім,
Нұрлы болсын Нұрболыңмен ертеңің.
Өзің келіп, шынға айналды бүгінде
Күні кеше армандаған ертегім...
– деп ақын қыз, оқырмандарын өмірдің мәні мен мағынасы адамға деген мейірімде, сүйіспеншілікте екенін түсіндіреді. Бір адамды құрметтесең, ол да сені құрметтейді. Жүректегі жылылықты жоғалтпа. Ол сенің ізгілігің, парасаттылығың, неғұрлым шуақты болсаң, соғұрлым қуатты боласың деп ұқтырады. Келінін өз баласымен бірдей көріп, жанына жақындата түседі. Бұл өлеңді оқыған әрбір ене мен келін бойына қуат алатыны сөзсіз.
Жинақтың ішін әрі қарай парақтай берейік. «Ана әлдиі», «Бөпешім», «Бесік тербету», «Каникулға асығу», «Төлбасым», «Келінімді көргенде», «Ұлыма», «Келінге арнау», «Қызығым менің», «Күйеу балаға арнау, «Қызыма тілек», «Ақеркеге», «Демала ғой», «Әлди-әлди, немерем» т. б. көптеген өлең шығады. Өлең «Жақсы сөз сөйле, жақсы жауап естисің. Қасыңдағыға қамқор бол, өзің одан қамқорлық көресің. Жылы шай бермесеңде, жылы сөйле. Жылы сөздің қуаты өте күшті» деген ізгілікті насихаттайды.
Камалдың махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық тақырыбындағы лирикалық өлеңдері де өрттей қызулы, жанып тұр. Мысалы, «Кездестім саған....» деген өлеңінде:
– Кездестім саған
Көңілде әсем күй тұнды.
Еліте еріттің әлемге сұлу сиқырлы.
Бейуақта келіп,
жүректің қақтың қақпасын,
Ұрладың менің ұйқымды.
Қай жақтан келдің,
Қалайша таптың білмедім.
Өшкелі тұрған жүректің отын үрледің
Шарқ ұрып жаным,
Жалқы үміт медеу болғанда
Кезігейін деп жүр ме едің?
Жаныммен ұғып,
Тіл қатыса алмай өзіңмен.
Кетсем де сонда
Бір асқақ күйді сезінгем.
Шымырлай тарап,
балқытып бойды барады
Төгілген шуақ көзіңнен...
Бұл барша қыздың басында бар махаббат. Осынау жыр жолдарын оқып отырып, әр қыз өз жүрегінен шыққандай қабылдары анық. Енді мына «Сағыныш» деген өлеңін оқиық:
– Асықпаппыз осы күнге бекер біз,
Кездесуді күттік пе екен екеуміз?
Шуақ төгіп, елжіресе қараймыз,
Мейірімге сусап қалған екенбіз!
Бұла сезім бұлқып қайта оянды,
(Бұл сырымыз өзімізге аян-ды)
Шалғай жүріп шарқ ұрыпты көңілдер
Көрінгенмен тірлігіміз баянды.
Қарай берші жанарыңнан нұр құйып,
Толғанайын жүрегіммен жыр құйып.
Әлемдегі барлық асыл теңеулер
«Жаным» деген бір сөзіңе тұр сыйып!
Бұл ғажап жанды сурет дер едім. Суретшіге таптырмайтын тақырып. Сағынышпен екі махаббат иесінің кездесуі. «Махаббат» деген полотноға сұранып тұр. Ал Камал болса үш ауыз өлеңге осы полотноны сыйғызған. «Өзеннің екі жағасы» өлеңінде:
– Өзеннің арғы жағында
Сезіммен күйіп-жанғанмын,
Бақыттан еріп жан-тәнім,
Рақатын кешкем жалғанның.
Жеті қат аспан көгіне
Шарықтап ұшып барғанмын,
Жап-жарық етіп жанымды
Ақ шарбы бұлты арманның.
Өзеннің екі жағасын
Махаббат көпір жалғайтын.
Өрттейін еді жүректер
Еріндер тәтті балдай-тын.
Арада сан жыл өтсе де,
Кезім жоқ еске алмайтын.
Арғы беттегі шырын шақ
Мәңгілік сиқыр арбайтын.
Міне, Камал жырлаған махаббат! Елітесің. Келістіріп қалай жырлаған деп таңданасың. Арғы жағалаудан баяғы махаббаттын күнде сағына еске алып жүрген белгісіз жанның жалғыз өзі күтіп жүргенін бір жағынан аяйсың. Бірақ оған көмектесе алмайсың. Уақыт қаш-шан өтіп кеткен. Меніңше, адамдардың бәрі жалғыз. Әсіресе, жаны таза адамдар жалғыз. Өйткені олардың жүрегі нәзік, жан дүниесі кіршіксіз мөлдір. Сен жалғыз қалған сайын қасыңда бұрын болған адамның қадірін түсінесің. Кейде жүз адам, тіпті одан да көп адаммен жолығасың, жан дүниең бәрібір жалғызсырайды. Ал кейде бір адаммен кездесші, көңіліңе көктем сол сәтте келеді. Жаның нұрланып, ерекше шуаққа бөленеді. Камалдың жеткізгісі келген ойы осы.
Камал әу бастан өзінің бойындағы ақындық талантты өзі танып білмеген деп ойлаймын. Өзімен бірге қызметте бірге болған Бақытжан Әзірбаев (Кенен Әзірбаевтың ұлы) бір күні: «Камал, сен бірыңғай өлең жолына түскенде біраз жерге барар ең» депті. Мен де бұл айтқанды құптар ем. Біраз жер дегені, меніңше ақындығы биік тұлғалар – Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова сынды ақын апалары шыққан шың шығар. Кітаптағы өлеңдерін оқып, саралап отырып, маған да сондай ой келді. Ертеде грек философы Фалес Милетскийге бір кісі: «Ең қиын не?» деп сұрақ қойыпты. Сонда философ: «Өзіңді өзің тануың» деген екен. Сондай-ақ Камал да бойдағы дарын мен талант күшін о бастан танып біле алмай қалды ма екен деген бір ой басымда қалды.
Мемлекеттік қызметтің жауапкершігі мол екенін өзім білем. Ал Президенттің мәжіліс залында, Парламент Сенатында небір әлем өкілдерінің қатысуымен халықаралық алқалы жиыны өтіп жатқан шақта синхронды аудармашылардың қызметін көзге елестету, менің түсінігімде жан беріп, жан алысқанмен бірдей. Осындай әр минут пен секунды есептеулі жауапты қызметте жүріп Камалдың ойға келе қалған өлең шумақтарын есте сақтау қабілеті бір басының ішінде екінші бас бар-ау деп ойлауға мәжбүр етеді.
Жинақтағы біраз өлеңге (нақтысы 10 өлең) Мақсат Жәутіков, Қалибек Деріпсалдин, Шолпан Қорғанбек, Серікжан Әбдінұров сияқты республикамызға есімі танымал композиторлар ән шығарған. Демек, Камалдың өлеңі әдемі сазды әуенмен екінші рет жанданып, өз өмірін әрі қарай жалғастыруда. Бұл, әрине өмірдің ең үлкен сыйы. Жинаққа енген 175 өлең мен жырдың бәрі тілі, қырылымы, ұйқасы жағынан бәрі тап-тұйнақтай, қыздың жиған жүгіндей көркем. Камалдың алтын сандығын ашқандағы менің берген бағам осындай.
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ,
Жазушылар одағының мүшесі,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері