Наурыз келсе, қызғалдақ гүліне деген сұраныстың артатыны – анық жайт. Дегенмен флористика саласы жыл сайын түрленіп, қыз-келіншектерді қуантудың түрлі жолы жұртты таңғалдырып келеді. Біз де сол жаңалықтан қалыс қалмай, гүл дүкендерін аралап қайттық.
Биыл қызғалдақпен қатар, экзотикалық гүлдерге сұраныс артқан. Мәселен, ранункулюс, момоко, пиона тектес қызғалдақ, гортензия, эустома сынды гүлдер жастар үшін ерекше бағалы, бағасы да қымбатқа түседі, себебі мұның бәрі шетелден келеді. Астанадан туған жерімізде өскен қызғалдақты табу да оңай болмады. Отызға жуық гүл дүкеніне хабарласып, ақыры Qyz-Zhibek гүл дүкенінен отандық өнімнің барын білдік. Дүкен иесі де қарапайым, отандық кәсіпке жанашырлықпен қарайтын жан екен. Кәсіпкер Гүлжамал Сәулетқан қызғалдақты Алматыдан алдырамыз деп қуантып қойды. Дүкен ішінде сапырылысқан қалың адам, жұмыс қызу жүріп жатқаны көрініп-ақ тұр. Соған қарамастан, сала шеберлерін әңгімеге тарттық.
– Гүлді Голландия, Эквадор, Колумбия, Кения, Өзбекстаннан алдырамыз, қазір Қытайдан да келе бастады, биыл қызғалдақтарды Алматыдан алдырттық. Алда отандық кәсіпті дамытып, Алматыдан жылыжай салсақ деген жоспар бар. Елдің оңтүстігінде гүл өсіру кәсібін дамытсақ, бәрімізге де тиімді болмақ. Тауарымыздың 40 пайызын отандық өнім десек болады, соның өзі жетпей жатыр. Өзімізден алсақ, шетелдің гүліне жоламас едік, – дейді Гүлжамал ханым.
Қазір әлеуметтік желіде импорттық гүлдерге қатысты қызу талқы болып жатыр, көбі гүлдерді иіскеуге болмайды дейді, себебі шетелден келетін гүлдердің құрамында аллергия тудыратын химиялық қоспалар бар екен. Бұл жөнінде 30 жылдық тәжірибесі бар флорист Руслан Жиенбайұлынан сұрап білдік.
– Шетелден келген гүлдерді сабағы жуан, ұзын, сәнді және ұзақ уақыт сақтау үшін түрлі химиялық қоспамен өсіреді. Өзіміздің гүлдер табиғи, оларға химия қоспайды, сондықтан көлемі кішкентай болады. Кейбір адамдарда аллергия болмаса, импорттық гүлдің адам денсаулығына аса зияны жоқ. Лилия деген экзотикалық гүлдің бір сортында өзіне тән өткір иісі болады, көп адамда лилия гүлінен аллергия бар, осыны ескеру керек, – дейді ол.
Маманның айтуынша, ақ, қызыл, қызғылт, күлгін түсті қызғалдаққа сұраныс артқан, ал сары қызғалдақ алатындар азайыпты.
– Жұрт 5-6 жыл бұрын сары қызғалдақты жиі алатын, ал қазір түсінік өзгерген. Көбі «сары қызғалдақты алудың керегі жоқ, ажырасуға әкеледі» деген секілді ақылға қонымсыз ырымдар айтып жатады. Қызылды беруге болады, сарыны беруге болмайды деп бөліп-жаратындай заң жоқ, бастысы гүлдің саны тақ болса болғаны, – дейді Р.Жиенбайұлы.
Маманмен сөйлесіп отырып, қызғалдақты үйде күтудің де тәртібі барын ұқтық. Шетелден әкелінген қызғалдақ пен өз жерімізде өскен қызғалдақты күтіп-баптаудың айырмашылығы бар көрінеді. Флорист қызғалдақты үй жағдайында ұзақ сақтаудың да құпиясын айтты.
– Голландияға барып, қызғалдақ өсіруді өз көзімізбен көргенімізде, бір нәрсе байқадым. Онда қызғалдақтың басы кішкентай кезде кесіп алады да, жәшіктерге салып, тоңазытқышқа орналастырады. Қызғалдақ сусыз және суық жерде 1 ай өседі, кейін экспортқа жібере бастайды. Бұл гүлді үйде көп уақыт сақтауға келмейді, себебі алдын ала кесіп тастады, сусыз жерде ұзақ жатты. Өзіміздің қызғалдақ сатуға жіберілместен бір апта бұрын ғана кесіледі, демек шетелдік гүлге қарағанда, өзіміздікі ұзақ сақталады. Қызғалдақ салқын суды сүйеді, суына жиірек мұз салып отырыңыздар, су қаншалықты салқын болса, соншалықты ұзақ сақталады, – дейді ол.
Сонымен қатар қызғалдақтың түбін жиі кесуге болмайды, әйтпесе қауызы тез ашылады да, солып қалады екен. Сол себепті гүлдің түбін 3 күнде бір кесіп, салқын суда сақтаған жөн. Осындай қарапайым әдіспен гүлді кемі 8 күн сақтауға болады.
Гүл дүкеніндегі ғажап сұлулыққа қарап, көзіміз тояр емес. Алайда гүлдің шетелден келетіні бізді ойландырып қойды. Флористің айтуынша, отандық гүл индустриясы шетелден 15-20 жылға артта қалып келе жатыр. Гүл өсірудің арнайы технологиясы жоқ, бұл кәсіпке мемлекет тарапынан қолдау болса, бәсекеге лайықты болар едік дейді.
Ғұмыры ұзақ сабын гүлдері
Мереке қарсаңында сабыннан жасалған гүлдердің де саудасы жүріп тұр. Шынайы гүл бірнеше күнде солып қалса, сабын гүлдің ғұмыры ұзақ, сондықтан да жастар мұндай гүлдерге қызыға бастаған. Біз ел арасына сабын гүлін насихаттап жүрген Бекзат Темірханқызымен тілдесіп қайттық.
– Заман талабына сай болу оңай емес. Бүгін жасаған бұйымың сұраныста болады, ал біраз уақыттан кейін басқасы орнын басады, сол үшін үнемі ізденісте жүруің керек. Біреулер себеттегі гүлді ұнатса, бірі құшақ-құшақ гүлді жақсы көреді. Бұл істі қолға алуымның себебі – табиғатқа шығын келтірмеу. Бір раушанды өсіру үшін кемі 25 литр су қажет. Миллиондаған гүлге соншама су керегін есептей беріңіз. Сабын гүл еш шығын келтірмейді, халық та мұны түсініп келеді, сыйға алған жандар қуанышын жасыра алмай, алғыс білдіреді, – дейді ерекше істің иесі.
Бекзат ханымның әр гүлді махаббатпен жасайтынын сездік, тіпті әуезді ән тыңдап отырып жұмыс істегенді ұнатады. Сол ән жүрекке жеткенде, әдемі туынды дүниеге келеді дейді.
– Қызық оқиғаны айтып берейін. Бір жігіт қызына ұсыныс білдіруге 51 раушан гүліне тапсырыс берді. Алғашында гүлдің түрін көрмеген еді, кейін қолына жеткенде, шынайы гүлден айырмасы жоқ деп қатты таңғалды, – дейді Бекзат ханым.
«Қызғалдақты жеуге де болады»
Сабыннан жасалған гүлге таңғалмайтын шығарсыз, алайда зефирден жасалған гүлді көріп пе едіңіз? Зефир қызғалдақтың нәзіктігі сонша – жеуге қимайсың, бірақ бұл – жаңадан шыққан ерекше тәтті. Анель Ержанқызы бұл іске кездейсоқ келгенін айтады.
– Шығармашыл жан болғандықтан, мені шабыттандыратын істі ұзақ уақыт іздедім. Былтыр құрбым мереке кезінде түймедақ гүліне ұқсас тәтті сыйлаған. Оны анама көрсеткенімде, бала кезден бергі құрбысы зефирден гүл жасайтынын айтты. Мұндай бағыттың барын алғаш рет сонда естідім. Зефир гүлдерін шынайы гүлден ажырату қиын болады, оны жеуге болатынын білгенде, таңғалдым да, шабыттандым. Іздене келе зефир флористикасына қадам бастым, – дейді А.Ержанқызы.
Жұрт бұл сыйға құмарта да, қызыға қарайды. Сұраныстың көптігі сонша, Анель таңғы беске дейін гүл жасайды. Бүгінде оның бұл саладан тәжірибе алған жүзден аса шәкірті де бар.
– Жұмыстың маңыздысы – зефир массасын дұрыс дайындау. Зефир – өте нәзік әрі «қырсықтау» десерт. Бабымен қайнатпасаң, гүл формасын ұстамай, дұрыс шықпай қалады. Ал қызығы – адамдардың эмоциясын көру. Жұрт гүлдің жеуге болатын тәтті екенін түсінбей таңғалады, – дейді ол.
Маман тәттілерді тек табиғи өнімдерден дайындайтынын айтады. Үйде дайындаған зефирдің ерекшелігі, дүкендегі тәттілерге қарағанда, қант мөлшері әлдеқайда аз болады. Мұндай зефирді әрі кетсе, 7-10 күн сақтауға болады.
Зефир флористикасы – елде дамып келе жатқан жаңа бағыт, ал Украина мен Ресейде әлдеқайда жақсы дамыған. Не дегенмен, гүл индустриясы әлі қаншама жаңалық сыйлайтынына сенеміз.
Айсұлу СЪЕЗХАН