Қазақстан азаматтарына 14 елге бармау ұсынылды – Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өңірде әскери іс-қимылдардың жалғасуы және бірқатар елдердің әуекеңістігінің жабылуы қауіпсіздік тәуекелдерін арттырған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты азаматтарға арнайы ұсыным жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өңірде әскери іс-қимылдардың жалғасуы және бірқатар елдердің әуекеңістігінің жабылуы қауіпсіздік тәуекелдерін арттырған. Осыған байланысты ведомство жағдай толық тұрақтанып, белсенді әскери әрекеттер тоқтағанға дейін қазақстандықтарға бірқатар мемлекетке сапар жоспарламауға кеңес берді.

Министрлік жариялаған тізімге Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия кірді.

СІМ мәліметінше, қазір осы өңірде жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, қауіпті аудандарға бармау, жергілікті билік органдарының талаптарын сақтау және төтенше жағдай кезінде белгіленген паналау орындарына жедел бару қажет.

Сонымен қатар министрлік қазақстандықтарды Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуға шақырды.