Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Министрліктің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4 700-ден астам Қазақстан азаматы елге оралды.
Әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. 6 наурызда Қазақстанның шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының 7 қызметкері – Қазақстан азаматтарының Иран–Армения шекарасына шығуын ұйымдастырды.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, компания қалған 16 қазақстандықты да осы бағытпен эвакуациялауды жоспарлап отыр. Жалпы, бүгінге дейін Ираннан 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Қазіргі уақытта өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жағдайды бақылауда ұстап, отандастармен тұрақты байланыс орнату және үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.