The Associated Press хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жасанды интеллект үшін қажет деректер орталықтары тұтынатын электр қуаты қайдан алынатынын талдайды.
Сәрсенбі күні (4 наурыз) АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге ірі технологиялық компанияларды шақырып, жаңа міндеттемелерді талқылады. Жасанды интеллектіні дамытуға қажетті деректер орталықтары (ДО) тұтынатын электр қуатының қымбаттауын болдырмау үшін жаңа келісім жарияланды. Енді ірі технологиялық компаниялар ДО-ға қажетті электр энергиясын өздері өндіреді немесе сатып алады, инфрақұрылымды жаңартуға кететін шығынды да өз мойындарына алады.
«Оларға пиар жағынан көмек керек, өйткені адамдар «деректер орталығы салынса, электр бағасы өседі» деп ойлайды. Олай болмайды», – дейді Трамп.
Президенттің «тұтынушыларды қорғау» туралы сөзі коммуналдық төлемдердің қымбаттауы америкалықтар үшін басты проблемаға айналған кезде айтылды. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы халықтың коммуналдық төлемдерін өсіреді деген қорқынышты күшейтті. Трамп бұл бастаманы өткен айда Конгрестегі жолдауында алғаш рет атап өткенімен, ол кезде нақты тетіктер айтылмаған еді.
АҚШ-тың бірнеше штатында ДО-ға қарсы пікірлер күшейіп келеді. Тұрғындар электр бағасының өсуінен бөлек, қоршаған ортаның ластануы мен судың көп жұмсалуына алаңдайды. Электр бағасын тежеу мәселесі былтыр Джорджия, Вирджиния және Нью-Джерси секілді штаттардағы демократтардың сайлаудағы табысына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды.
Трамп жасанды интеллекті АҚШ-қа шетелдік инвестиция тарту, экономикалық және әскери қуатты сақтау үшін шешуші технология ретінде көрсетіп, қоғамдағы қорқынышты әлсіреткісі келеді. Алайда бұл міндеттемелердің электр бағасын нақты қаншалықты төмендететіні белгісіз. Еңбек министрлігінің тұтыну бағалары индексіне сәйкес, соңғы бір жылда АҚШ-та электр бағасы 6,3% өскен.
Президент 2035 жылға қарай энергияға сұраныс үш есе артады деп болжайды. Оның негізгі себебі – жасанды интеллект. Демек, АҚШ-қа электр стансаларын жедел көбейту қажет. Сонымен бірге Трамп жел энергетикасы жобаларын тежеп, климат өзгерісін күшейтетін көмірді қолдауда.
Дегенмен энергетика сарапшылары бұл уәделер электр бағасының жылдам өсуін тежей алмайды деп күмәнданады. Себебі электрмен жабдықтау көбіне штат деңгейінде реттеледі, ал федералдық деңгейде бұл келісімнің заңдық күші әлсіз болуы мүмкін.