BBC News мәліметіне сүйенген Aikyn.kz мұнай бағасының жылдам өсуін талдайды.
Қатардың энергетика министрі Парсы шығанағындағы мұнай мен газ экспорттаушыларының бәрі бірнеше күн ішінде өндірістерін тоқтауы мүмкін екенін жариялады. Саад әл-Кааби Financial Times газетіне берген сұхбатында Таяу Шығыстағы қақтығыс «әлемдік экономиканы құлатуы мүмкін» екенін мәлімдеген. Бұдан кейін мұнай бағасы шарықтай бастады.
Жұма күні (6 наурыз) Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 92,69 доллар деңгейіне дейін көтеріліп, бейсенбі күнгі сауда жабылуымен салыстырғанда 5,1% жоғары болды.
Егер кемелер Ормуз бұғазы арқылы өте алмаса, әл-Каабидің айтуынша, 2-3 апта ішінде мұнай бағасы одан әрі өсіп, барреліне 150 долларға дейін шарықтауы мүмкін.
Әлемдік мұнай қорының 20%-ы күн сайын Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. Алайда осы тар өткелдегі қозғалыс соңғы аптада, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғаннан кейін іс жүзінде тоқтап қалған. Бұғаздың жабылуы әлем бойынша тауарлар мен қызметтерді қымбаттатып, Қытай, Үндістан және Жапония секілді ең ірі экономикаларға соққы болуы мүмкін. Бұл елдер – дәл осы су жолымен өтетін шикі мұнайдың ең ірі импорттаушылары. Әдетте бұғаз арқылы айына шамамен 3 000 кеме өтеді, ал қазіргі ахуалға байланысты шамамен 200 танкер іс жүзінде тоқтап қалған.
БАӘ мен Сауд Арабиясының мұнайды бұғазды айналып өтетін құбырлар арқылы тасымалдауына мүмкіндік беретін инфрақұрылымы бар. Дегенмен сарапшылар бұғаз арқылы өтетін кемелер үшін қауіп ұзақ сақталған сайын, мұнай бағасы да, сәйкесінше оны тасымалдау құны да жоғарылай беретінін ескертеді.
Әл-Кааби Financial Times басылымына: «Егер бұл соғыс тағы бірнеше аптаға созылса, ол әлем бойынша ЖІӨ өсіміне әсер етеді. Баршаға арналған энергия бағасы өседі. Кейбір тауарларда тапшылық пайда болып, бұл тізбекті реакция туғызады. Көптеген зауыттар жеткізілімді қамтамасыз ете алмай қалады», – деген.
Ұлыбритания сияқты елдерде тұтынушылар жанармай бағасының қазірдің өзінде өскенін байқап отыр. Бензин бағасы көтерілді.
Қазіргі дағдарыс Ресей мен Украина соғысының салдарынан да зор болуы мүмкін деген алаңдаушылықтар айтылуда. Мұнай мен газ бағасының өсімі әзірге 2022 жылғы ең жоғары шектерден төмен деңгейде қалып отыр.
Қатар – мұнай мен сұйытылған табиғи газдың (СТГ) ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы. Осы аптада QatarEnergy өз нысандарына жасалған «әскери шабуылдардан» кейін СТГ өндірісін тоқтататынын мәлімдеген. QatarEnergy компаниясының бас директоры да болып саналатын әл-Кааби соғыс дәл қазір тоқтаса да, қалыпты өндірісті қайта іске қосуға бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт қажет болатынын айтады.
Осы аптада компания форс-мажор жариялады – бұл оның бақылауынан тыс оқиғалар салдарынан жеткізілім міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда жауапкершіліктен босататын тармақ. Әл-Каабидің пікірінше, егер соғыс жалғасса, алдағы бірнеше күн ішінде басқа энергия экспорттаушылары да осыған ұқсас қадам жасауға мәжбүр болады.