Қазақстанда жаңа футбол маусымы басталды: «Қайрат» пен «Ақтөбе» жеңді, «Елімай» мен «Оқжетпес» тең тарқасты

Жаңа маусым басталды

Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымы басталды. Алғашқы турда бірнеше матч өтті.

Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында семейлік «Елімаймен» 1:1 есебімен тең түсті. Чемпионаттағы алғашқы голды 16-минутта Иван Свиридов соқты. Ал екінші таймда «Елімай» қақпашысы Владимир Стойковичтің автоголынан кейін есеп теңесті.

Алматының «Қайраты» маусымды жеңіспен бастады. Чемпион команда «Алтайды» 1:0 есебімен жеңіп, жалғыз голды португалиялық жартылай қорғаушы Жоржиньо 64-минутта соқты.

Сондай-ақ алғашқы турда «Ақтөбе» өз алаңында «Тобылды» 4:1 есебімен жеңді. Бұл матчта португалиялық Нани дебют жасап, гол соғылған шабуылдардың біріне қатысқан.