Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт барысында Ұлттық ұланның әскери қызметшісі өз анасына ерекше тосын сый жасап, жүрекжарды құттықтауын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мерекелік іс-шара барысында сахнада концерттік бағдарлама өтіп жатқан кезде жүргізуші залда отырған аналардың бірі үшін арнайы тосын сый бар екенін хабарлады. Осы сәтте сахнаға әскери киімдегі ұландық сарбаз шығып, залда отырған анасын құттықтау үшін келгенін айтты.
Сарбаз анасына гүл шоғын табыстап, оған деген шексіз алғысы мен құрметін білдірді. Ол өз сөзінде анасының әрдайым қолдау көрсетіп, өмір жолында дұрыс бағыт бергенін атап өтті. Бұл күтпеген тосын сый анасына ерекше әсер қалдырып, залдағы көрермендердің де көңілін толқытты.
Мерекелік кешке жиналған көрермендер бұл әсерлі сәтті жылы қабылдап, ұзақ уақыт қол соғып, ана мен балаға ізгі тілектерін білдірді.
Айта кетейік, Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт барысында әскери қызметші әйелдер мен азаматтық персоналға құрмет көрсетіліп, оларға гүлдер мен алғыс хаттар табысталды. Мерекелік іс-шара көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қатысушылар естелік суретке түсті.