Конькимен жүгіруші Надежда Морозова әлем чемпионатында үздік ондыққа енді

Отандасымыз 500 метр қашықтықта үшінші болды.

Нидерландтың Херенвен қаласында конькимен жүгіруден классикалық көпсайыс бойынша әлем чемпионаты аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл дисциплинада Қазақстан құрамасы сапынан Надежда Морозова өнер көрсетті.

ҚР ҰОК мәліметінше, отандасымыз 500 метр қашықтықта үшінші болды. Одан кейін 3000 метрде оныншы болып мәреге жетті.

1500 метрде Морозова алтыншы орын алып, 24 қатысушының ішінен үздік сегіздікке енді. Осылайша ол 5000 метр қашықтықта жарысуға мүмкіндік алды.

5000 метрде Морозова жетінші орынға тұрақтады. Нәтижесінде ол әлем чемпионатын да жетінші орынмен аяқтады (160.435 ұпай).

Алтын медальді норвегиялық Рагне Виклунд (157.457) жеңіп алды. Нидерланд спортшысы Марейке Груневауд екінші орынға ие болды (158.086). Жапониялық Михо Такаги үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, көпсайыста ең аз ұпай жинаған спортшы жеңімпаз атанады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.