Аида Балаева: Конституцияның өзегінде – адам, оның құқықтары, бостандығы мен қауіпсіздігі

Өңірге келген коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары мен 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумның маңызы туралы айтып берді.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған қаласындағы Kazakhmys Smelting компаниясына қарасты «Kazkat» зауытының алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Серік Ақылбай, ғалым, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков,  мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов қатысты.

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесуде Аида Балаева жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаты – адам құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ оның қауіпсіздігінің басымдығын қамтамасыз ету және еңбеккерлердің құқығын қорғау кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның өзегінде адам, оның құқығы, бостандығы мен қауіпсіздігі тұр. Өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалардың маңызы ерекше. Ата Заң еңбек ету құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайларын және кемсітусіз әділ еңбекақы алуды бекітеді. Бұл нормалар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге және жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни еңбек жағдайы үшін жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституция деңгейінде бекітіледі. Заң үстемдігі қағидаты орныққан елде болжамдылық жоғары болады, тәуекел азаяды, ертеңгі күнге деген сенім күшейеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіпорындардың дамуына және жұмысшылар отбасыларының әл-ауқатының артуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Аида Балаева.

Қатысушылар ірі өндірістік ұжымдар үшін конституциялық реформаның тек саяси оқиға ғана емес, сонымен бірге жұмысшылардың күнделікті өмірімен, кәсіпорындардың тұрақтылығымен, еңбек құқықтарының қорғалуымен және ертеңгі күнге деген сеніммен тікелей байланысты маңызды шешім екенін атап өтті. Сондықтан талқылау барысында қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік шешімдердің болжамдылығы сияқты нормаларға ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында мемлекеттік-қоғамдық, сарапшылар және ғылыми қауымдастықтар өкілдері де сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында жаңа Конституция жобасының құқықтық маңызын, оның әділеттілік пен заңдылық қағидаттарын нығайтудағы рөлін, сондай-ақ референдумның халықтың тікелей өз пікірін білдіру тетігі ретіндегі мәнін атап өтіп, азаматтардың оған саналы түрде қатысуының маңыздылығына тоқталды.

«1995 жылғы Конституция ел қалыптасуының күрделі кезеңінде, бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, мемлекет жаңа даму жолын айқындап жатқан жағдайда қабылданған еді. Ал бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Сондықтан Жаңа Конституция кездейсоқ қадам емес, жаңа жағдай мен ел дамуының жаңа міндеттеріне берілген жауап. Ең маңыздысы – құжат жобасы ашық түрде, отандық ғалымдардың, заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен, сондай-ақ азаматтардан түскен мыңдаған ұсыныстар ескеріле отырып дайындалды. Бұл оның шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін және мазмұны қоғамның сұранысына, тарихи тәжірибеге әрі ел болашағына қатысты стратегиялық көзқарасқа негізделгенін көрсетеді», – деді Серік Ақылбай.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жаңа Конституция жобасы қоғамның әділетті ережелерге деген сұранысын, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуды, еңбек адамының құқығын қорғауды, сондай-ақ мемлекет пен жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды көздейтінін атап өтті.

Кәсіпорын ұжымының ұстанымын «Kazkat» зауытының қызметкері Алтынай Алпамысова білдіріп, еңбек адамы өндірістік тетіктің бір бөлшегі ретінде емес, мемлекеттің тірегі әрі оның басты құндылығы ретінде қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

«Жас жұмысшы ретінде жаңа Конституция еңбек адамына сенімділік қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Құжатта адамның өзі, оның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы екені айқын көрсетілген. Бұл біз үшін жұмысшы адам өндірістік процестің қатысушысы ғана емес, экономиканың негізі әрі ел болашағының маңызды тірегі екенін білдіреді. Біз адал еңбегімізбен Қазақстанды дамытып келеміз, ал мемлекет біздің құқығымызды, қадір-қасиетімізді және қауіпсіздігімізді қорғауы тиіс. Сондықтан баршаңызды референдумға қатысып, жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын», – деді Алтынай Алпамысова.

Кездесу қорытындысында кәсіпорын жұмысшылары конституциялық реформаны пікірін білдіріп, алдағы республикалық референдумға қатысатынын жеткізді.