Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде EcoFarabi AI виртуалды эко-кеңесшісі іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл цифрлық платформа қоғамда экологиялық сананы арттыру, тұрақты даму қағидаларын насихаттау және қоршаған ортаны қорғау бастамаларын қолдауға бағытталған.
Жоба оқу орнының тұрақты даму стратегиясымен үндесіп, заманауи технология арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған инновациялық шешім ретінде ұсынылып отыр.
EcoFarabi AI пайдаланушыларға күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті арттыруға көмектеседі. Виртуалды кеңесші қалдықтарды дұрыс сұрыптау, кампуста өтетін эко-іс-шаралар және тұрақты өмір салты бойынша пайдалы кеңестер береді. Сонымен қатар платформа энергияны үнемдеу, суды тиімді пайдалану, «жасыл» технологияларды қолдану және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпараттық қолдау көрсетеді.
Жобаны әзірлеушілер – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушылары Әсел Боранбай мен Ілияс Құлиев. Цифрлық бағдарлама елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауды мақсат етеді.
Авторлардың айтуынша, болашақта EcoFarabi AI платформасын кеңейтіп, оны басқа жоғары оқу орындарына, мектептерге және қоғамдық кеңістіктерге енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жүйеге мобильді қосымша, дауыс арқылы басқару, бейнекейіпкер арқылы түсіндіру, онлайн экологиялық сабақтар және интерактивті тестілер қосу көзделуде.
Мамандардың пікірінше, платформа тек университет қауымдастығын ғана емес, кең аудиторияны қамтиды: студенттер, оқытушылар, қала тұрғындары, мектеп оқушылары, жастар ұйымдары және экологиялық мәселеге бейжай қарамайтын барлық азаматтар EcoFarabi AI арқылы пайдалы ақпарат ала алады.
Сонымен қатар EcoFarabi AI пайдаланушыларды сенбіліктерге, ағаш отырғызу акцияларына, жасыл аймақтарды дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға арналған басқа іс-шараларға белсенді қатысуға шақырады.
Платформа чат-бот форматында Telegram қосымшасы арқылы қолжетімді, бұл экологиялық ақпаратты және кеңестерді тез әрі ыңғайлы түрде алуға мүмкіндік береді.