Кездесуге сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» басшысының орынбасары Еркебұлан Қалдыбаев қатысып, тұрғындар көтерген мәселелерді бірге талқылады.
Қабылдау барысында азаматтар тарапынан түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, қала тұрғындары Бокина көшесі бойындағы 2Б жер теліміне автотұрақ салу мәселесін көтерді. Бұл бастама сол аумақтағы көлік қозғалысын реттеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ұсынылған.
Сонымен қатар Ордабасы ауданынан келген азамат Аққойлы ауылы аумағында балық шаруашылығын дамыту үшін жер телімін алу мәселесі бойынша көмек сұрады. Оның айтуынша, өңірде балық шаруашылығын дамыту ауыл экономикасына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тұрғындар жекеменшіктегі канал жерін заңдастыру, Бадам орман шаруашылығы аумағындағы жер мәселелері, сондай-ақ Сайрам ауданында орналасқан «Сай Қарабұлақ» каналының жекеменшікке өтіп кетуі және өңірдегі ағын су тапшылығы мәселелерін де көтерді. Бұл жайттар ауыл шаруашылығы мен жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететіндіктен, жауапты мамандар тарапынан жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелердің әрқайсысын мұқият тыңдап, жауапты басқармалар мен сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Ол әрбір мәселенің заң аясында қарастырылып, тиісті шешім қабылдануы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау барысында тұрғындар мен билік өкілдері арасында ашық диалог орнап, бірқатар мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал күрделі әрі жан-жақты қарастыруды қажет ететін өтініштер тиісті басқармалар тарапынан қосымша зерделенетін болды.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер «AMANAT» партиясы тарапынан бақылауға алынып, олардың шешілу барысы жүйелі түрде қадағаланатын болды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы