2019-2025 жылдар аралығында әртүрлі жөндеу жұмыстарымен 9 436 шақырым теміржол желісі қамтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жүргізілген жұмыстар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, магистральдардың өткізу қабілетін ұлғайтуға және еліміздің көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жұмыстың ең үлкен көлемі күрделі жөндеуге тиесілі. Оның аясында 3 593 шақырым теміржол желісі жаңартылды. Бұл жөндеу түрі рельстерді, шпалдарды және жолдың үстіңгі құрылымының басқа да элементтерін ауыстыруды қамтитын инфрақұрылымды кешенді қалпына келтіруді қарастырады.
Сонымен қатар 1 560 шақырым теміржол желісінде құрамдас бөліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай формат жекелеген тозған элементтерді ауыстыруға бағытталған және инфрақұрылымның техникалық жағдайын тиісті деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.
Тағы 4 284 шақырым теміржол желісінде жоспарлы алдын алу жөндеуі жүргізілді. Бұл жұмыстар теміржол төсемінің мерзімінен бұрын тозуының алдын алу және пойыздар қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
Қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, елде жаңа теміржол желілерін салу жобалары да белсенді іске асырылуда. 2019-2025 жылдары Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол жолы салынды.
Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – ұзындығы 836 шақырым болатын Достық–Мойынты учаскесінің құрылысы. Бұл жоба елдің транзиттік әлеуетін дамытудағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады және Қазақстан арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздері бойынша жүк ағындарын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ ұзындығы 75 шақырым болатын Алматы стансасының айналма теміржол желісі салынды. Бұл желінің іске қосылуы Алматы теміржол торабына түсетін жүктемені азайтып, тасымал тиімділігін арттыруға және елдің оңтүстік өңіріндегі жүк пойыздарының қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Аталған жобалардың жүзеге асырылуы – Қазақстанның теміржол желісін дамытудағы маңызды кезең және елдің Еуразиядағы жетекші көлік-логистикалық хабтардың бірі ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.