Конституциялық реформа Парламенттің саяси салмағын арттырады – Нұрлан Бекназаров

Конституциялық жолмен жүзеге асырылып жатқан реформа билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, өкілді биліктің тиімді үлгісін қалыптастырады.

Қазақстанда конституциялық реформа аясында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу көзделіп отыр. Жаңа модель Парламенттің ықпалын күшейтіп, мемлекеттік басқарудағы тепе-теңдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуды мақсат етеді. Аталған өзгерістер жөнінде Сенат депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров кеңінен айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Жаңа Конституцияда билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу қандай негізгі қағидаттарға сүйеніп жүргізіледі?

– Қазақстандағы конституциялық реформа саяси жүйені жаңғыртуға және мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастыруға бағытталған. 

1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен күшті президенттік билік моделін бекітсе, жаңа Конституция билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге және институционалдық тепе-теңдікті күшейтуге негізделеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды жаңғырту билік тармақтарының теңгерімі мен мемлекеттік институттардың тиімді өзара іс-қимылына негізделген жүйені қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. 

Сондықтан жүзеге асыру жоспарланып отырған реформаның негізгі мақсаты – өкілді институттардың рөлін күшейтіп, парламенттік бақылау тетіктерін кеңейтетін теңгерімді президенттік республика моделіне көшу. 

Өкілеттіктерді қайта бөлудің бірінші маңызды қағидаты – тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайту. Жаңа Конституция өкілеттіктердің бір бөлігін заң шығарушы билікке беру арқылы бір мемлекеттік институтта биліктің шамадан тыс шоғырлануына жол бермеуді көздейді.

Екінші қағидат – өкілдік демократияны дамыту және заң шығарушы органның рөлін күшейту. Өкілді орган заң шығару және атқарушы биліктің қызметін бақылау саласында кеңірек өкілеттіктерге ие болады.

Үшінші қағидат – атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыру. Жаңа конституциялық модель үкіметтің өкілді органмен байланысын нығайтып, атқарушы биліктің қоғам алдындағы саяси жауапкершілігін күшейтеді.

Төртінші қағидат – конституциялық бақылау тетіктерін дамыту. Конституциялық сот заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.

Бесінші қағидат – мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту.

– Конституциялық реформа аясында Парламенттің заң шығару және бақылау функциялары қалай күшейеді?

– Конституциялық реформа жоғары өкілді органның мемлекеттік билік жүйесіндегі рөлін күшейтіп, оның заң шығару және бақылау функцияларын кеңейтуді көздейді. 

Конституциялық өзгерістер нәтижесінде Парламенттің заң шығару процесіндегі рөлі арта түседі. 

Мемлекет басшысының бастамасымен бір палаталы Парламентке көшу аясында жоғары заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралып, Құрылтайға қатысты ережелер толық нақтыланып, түгелдей жаңарғанын атап өту қажет. 

Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган.

Сол себепті бір палаталы Парламентке өту жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. 

Яғни, оның заң шығару процесін жедел, түсінікті және қоғам үшін ашық  болуына ықпал етеді.

Заң жобалары бойынша 3 оқылымның міндетті форматын енгізу ұсынылады. Алғашқы екі оқылым шеңберінде заң жобасының мазмұны айқындалатын болады, ал үшінші оқылым шеңберінде – оның «заңдық тазалығы» қамтамасыз етілетін болады.

Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. 

Парламенттің атқарушы билікке бақылауының күшеюіне келетін болсақ, ол жаңа деңгейге көтеріліп, бақылау механизмдері кеңейтіледі.  

Атап айтқанда, Ата Заңның жобасына сәйкес, Құрылтай:

  • депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру құқығына ие болады; 
  • Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады; 
  • депутаттардың жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасының заңдарын орындамаған жағдайда, есепті тыңдау қорытындысы бойынша, Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне оны лауазымынан босату туралы өтініш білдіру жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады.

Нәтижесінде, реформа мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік жүйесін күшейтіп, Парламенттің саяси салмағын арттырып, заңдардың орындалуын бақылауды тиімді етеді және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттырады. 

Осылайша, конституциялық реформа нәтижесінде Құрылтай заң шығару процесіндегі негізгі саяси институт ретінде күшейеді, атқарушы билікке тиімді парламенттік бақылауды жүргізе алады және мемлекеттік басқаруда теңгерімді әрі жауапты жүйе қалыптастыруға ықпал етеді. 

– Сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қандай конституциялық өзгерістер енгізіледі?

– Жаңа Конституция жобасында сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл құқық үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Атап айтсақ, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды, әрі түбегейлі өзгерістер көзделген.

Конституцияның жаңа жобасына сот ісін жүргізу нысандарының қатарына әкімшілік сот төрелігі енгізілді.

Сонымен қатар Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилер заңмен көзделген жағдайда қатысатыны нақтыланды.

Азаматтардың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуын реттейтін алқабилер институтына ерекше назар аударылды, нәтижесінде бұл сот жүйесін демократияландыруға және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратуға ықпал ететін болады. 

Жоғарғы сот төрағасын тағайындау мерзіміне шектеу енгізіліп, оның өкілеттік мерзімі 6 жыл және бір адам 1 реттен артық Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалмайды.

Мұндай тәсіл жоғары сот және құқық қорғау органдары басшыларын тағайындаудың ашық, әрі институционалдық тұрғыдан айқын тетігін қалыптастырып, кадрлардың жүйелі ротациясына оң ықпал етеді. 

Ұсынылған өзгерістер жоғары сот органдары қызметінің ашықтығы мен заңдылығын арттыруға, сондай-ақ, сот жүйесінің тәуелсіздігін, әрбір азаматтың заңды мүдделерін қорғауға және қолжетімді, әділ, ашық, кәсіби сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне қалай ықпал етеді деп күтіледі?

– Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі қадам саналады.

Конституцияның жаңа жобасы аясында, бұл шара биліктің бір жерде шоғырлануына жол бермей, шешім қабылдаудың теңгерімді, ашық және есепті жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Парламенттің рөлі күшейіп, бақылау функциялары мен заңнаманың сапасы айтарлықтай артады, өз кезегінде атқарушы биліктің есептілігі нақты анықталатын болады. Бұл мемлекеттік органдардың шешім қабылдауын үйлесімді, жедел және қоғамның нақты сұранысына жауап беретін деңгейге көтереді.

Конституциялық жолмен жүзеге асырылып жатқан реформа билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, өкілді биліктің тиімді үлгісін қалыптастырады. Саяси теңгерімнің жаңа жүйесі парламенттік бақылауды күшейтіп, заңнаманың сапасын арттырады және азаматтар үшін басқарудың ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті қайта бөлу мемлекеттік басқару тәжірибесінің жаңаруына әкеледі, соның ішінде ашықтық, есептілік және жауапкершілік қағидаттары тұрақты түрде бекітіліп, әр қабылданған шешімнің қоғам алдындағы нәтижесі айқын көрінетін болады.

Нәтижесінде, мемлекеттік басқару жүйесі тиімді, үйлесімді және ұзақмерзімді саясатты жүзеге асыруға қабілетті болатыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет.