Алматыда алғаш рет «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық келбеті» халықаралық фестивалі өтеді

Фестиваль алғаш рет өткізіледі, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, этнодизайнды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

«Наурызнама» онкүндігі аясында және 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне орай Алматыда «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық келбеті» атты халықаралық фестиваль өтеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Алматы қаласының Туризм басқармасымен және Этнодизайнерлер одағымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Фестиваль бағдарламасына мәдени жәдігерлерді сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған «Ұлттық мұра – ұрпақ аманаты: музей қорлары мен этнодизайн тоғысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция кіреді. Сонымен қатар отандық және шетелдік дизайнерлердің этно-топтамалардың көрсетілімі, қолөнер бұйымдарының халықаралық көрмесі, сондай-ақ киіз басу, керамика, зергерлік өнер секілді дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер түрлері бойынша шебердің сабақтары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, fumage (түтінмен сурет салу) сияқты сирек техника да таныстырылады.

Фестиваль Орталық Азия қолөнершілері үшін іскерлік алаңға айналады. Оның аясында Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (WCC) сарапшыларымен B2B-кездесулер мен стратегиялық талқылаулар өткізіліп, ұлттық қолөнерді халықаралық нарыққа ілгерілету мәселелері қарастырылады.

Жоба ұлттық мәдени мұраны кеңінен танытуға, отандық шеберлерді қолдауға және Алматының Орталық Азиядағы мәдени орталық әрі креативті хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтетін фестивальге кіру тегін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.