Қостанай облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері интернет-алаяқтар үшін сим-карталарды белсендірумен айналысқан 26 жастағы облыс тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, әйел белсендірілген нөмірлерге WhatsApp мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беріп отырған. Дәл осындай нөмірлер арқылы алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері немесе түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады.
Полицейлердің анықтауынша, әйел сим-карталарды белсендіру арқылы табыс тапқан. Төлемдер криптовалюта арқылы түсіп, кейін қаражат банктік шоттарға шығарылып отырған.
Тінту барысында 6 ұялы телефон, 3 планшет және әртүрлі байланыс операторларына тиесілі шамамен 400 сим-карта тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен мүмкін болатын сыбайластары анықталып жатыр.
Қостанай облысы Полиция департаменті ескертеді: телефон алаяқтары көбіне мессенджерлер мен бөгде тұлғалардың атына рәсімделген нөмірлерді пайдаланады. Азаматтардан сақ болуды, жеке деректерін бермеуді және белгісіз адамдардың өтініші бойынша қаржылық операциялар жасамауды сұрайды.